Елдегі коммуналдық желілерді жаңғыртуға ₸6,8 трлн қажет
2029 жылға дейін елдегі коммуналдық желілерді жаңғыртуға 6,8 трлн теңге, ал электр энергиясын өндіруге 6,2 трлн теңге қажет. Осыған байланысты екінші деңгейлі банктерден, ұлттық және халықаралық қаржы ұйымдарынан қаражат тарту жоспарланып отыр. Бұл туралы «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобалық кеңсенің алғашқы отырысында мәлім болды.
Қазіргі таңда жылу, электр энергиясы, сумен жабдықтау және су бұру салаларында қызмет көрсететін 87 монополист кәсіпорынның инфрақұрылымы 65%-тен 100%-ке дейін тозған. Енді инженерлік желілердің тозуын 40%-ке дейін төмендету және электр энергиясын өндірудің жаңа көздерін салу міндеті қойылып отыр. Отырыста 27 жаңа өндіріс орнын ашу мен жұмыс орындарын құру қаралды. Осал санаттағы халықты қымбатшылықтан қорғау мәселесі де талқыланды. Вице-премьер Қанат Бозымбаев Ұлттық жобаны сәтті жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдар мен азаматтардың, белсенді болуы керегін айтып, бірқатар тапсырма берді.