Елімізде екі жүзден астам адам әуежайда және ұшақта бұзақылық жасаған

Елде 3 жылда 200-ден астам адам әуежайда және ұшақта бұзақылық жасаған.

Олардың ішінде әуе серікке бағынбай, күш көрсеткендер мен бортта бомба бар деп дақпырт таратқандар да бар.

Ережені пысқырмай, ескертуді елемегендерге қандай жаза қаралды? Әріптесім Шернияз Жалғасбекұлы  зертеп көрді. 

13 қаңтар. Бас қаладан Өскеменге бет алған ұшаққа отырғызу кезінде 47 жастағы жолаушы борт серікке бағынбай, жұдырық ала жөнелген. Артынша бортта бомба бар деп дақпырт таратып, дүйім жұртты дүрліктірген. Сол себепті авиа компания әуе көлігін қайта тексеруге, жолаушыларды түсіруге мәжбүр болған. Салдарынан ұшақ кешігіп ұшқан.

Асқар  Жұмабеков, ҚР ІІМ көліктегі ПД Астана қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімі бастығының орынбасары:

- Қылмыстық кодекстің 293 бабымен және 273 бабымен екі бірдей қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды.  Тергеу амалдары жүргізілуде. 293-бап дегеніміз ол 2 бөлігі - әуе кемесінде жасалған бұзақылық және 273 бабы ол бомба деп айтқан сөзі үшін теоризм актісі туралы жалған хабарлама беру деректерімен тергеу амалдары жүргізілуде.

Иә, заңды белшеден басып, ескертуді елемейтін ел көп. Мәселен, 3 жылда 200 астам адам әуежай аумағында, ұшу кезінде бұзақылыққа барған. 

Асқар  Жұмабеков, ҚР ІІМ көліктегі ПД Астана қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімі бастығының орынбасары:

- Статистикаға жүгінсек, соңғы үш жылда бұзақылық фактілері мен 29 іс тіркелген. Олар бойынша тергеу жүргізілген. Сонымен қатар әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес ұсақ бұзақылық деген бап бар, ол бойынша 153 факт тіркелген. Әуе кемесінің командирі немесе экипаждың кез келген мүшесіне қатысты, олардың өкімдерін орындамаған жағдайда осы баппен әкімшілік жауапқа тартылады. Ондай бізде қазір 43 факт тіркелген.

Сондай-ақ бортсерікке болысып, қиын-қыстау шақта экипаж мүшелеріне қолғабыс ететіндер де кездеседі. Мәселен, астаналық студент Дінмұхамед Бектұрған ұшақта жүрегі қысылған жолаушыға жедел жәрдем көрсетіп, өлімнен аман алып қалған. Бұл ісі әлеуметтік желілерде таралып, көпшіліктің сүйіспеншілігін тудырды.

Дінмұхамед Бектұрған, Астана медицина университетінің студенті:

- Сұрақтар қойғанымда, ауырсынуы сол жаққа қарай беріле ме -деп, иә, сол жаққа беріледі деп айтты. Борт серіктерден қан қысымын өлшеуге танометр сұрадым. Қан қысымын өлшедім. Төмен екені анықталды және перифериялық пульсті тексердім. Тексерген кезінде басында тахикардия болды. 1 минут өткен кезде ол кісінің жағдайы ушыға түсті. 

Бұл Дінмұхамедтің бірінші ерлігі емес. Бұған дейін де 3 жыл бұрын ұшақта тағы бір тағдыр иесін құтқарып қалған еді. Бұл ерлік емес, дәрігерлік міндетім, дейді өзі.

Шернияз Жалғасбекұлы, Ғалымжан Әбділахат