Өңірлерде ауызсу тұтыну нормалары қайта қаралады

Елде жеке тұлғалар үшін ауызсуды тұтынудың әлеуметтік нормалары кезең-кезеңімен енгізілуде.

Жаңа жүйе «неғұрлым көп тұтынсаңыз, соғұрлым көп төлейсіз» қағидатын негізге ала отырып, суды үнемдемейтін тұтынушылар үшін тарифтерді арттыруды қарастырады.

Соның нәтижесінде былтыр Ақмола, Ақтөбе, Түркістан, Ұлытау облыстары мен Алматы және Шымкентте ай сайын орта есеппен 1,65 млн текше метр су үнемделді. Жоба енді Шығыс Қазақстан өңірінде қолға алынды.

Шығыс Қазақстан еліміз бойынша ауызсу қоры ең көп облыс. 13 мыңнан астам су құрылымы, жүздеген су арнасы бар аймақ тұрғындарына да енді ауызсуды үнемдеуге тура келеді. Өңірдегі гидроэнергетикалық нысандар «ауыз суды тұтынудың әлеуметтік нормаларына» біртіндеп көшіп жатыр. Ережесі де қарапайым: су тұтыну нормасын 3 текше метрден асырсаңыз, нормативтен тыс тұтыну үшін төлем 20%-ке, 5 текше метрден көп болса 50%-ға, ал 10 текше метрден асып кетсе немесе есептеу құралы болмаса су үшін төлем екі есе артады.

Жұмагүл Мүсіпова, ТМРК ШҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы:

- Жеке тұлғалар бірінші топ бойынша 3 текше метрден суды пайдаланатын болса, олардың тарифтері 82 теңге қалпында қалады. Яғни өзгеріссіз. Алайда егер жеке тұлғалар нормадан асырып мысалы, 5 текше метр суды пайдаланатын болса яғни үстіне қосылған 2 текше метрге 85 теңге тариф емес, бұл жағдайда 98,62 теңге. Яғни 20 пайызға қымбатырақ тарифпен саналады.

Шығыс өңірде ауызсуға жаңа тариф жүйесі әлі де жасақталып жатыр. Әзірге төрт облыс пен екі қалада қолданыста бар. Соның нәтижесінде айына шамамен 1,5 млн текше метрдей су үнемделді. Жаңа тарифтер арқылы тұтынушылардан түсетін қосымша қаражат су инфрақұрылымын реконструкциялауға жұмсалады. «Бұл өз кезегінде халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартады» - дейді табиғи монополияларды реттеу саласының мамандары.

Жұмагүл Мүсіпова, ТМРК ШҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы:

- Айтып өту қажет, «Өскемен-Водаканал» қосымша табыс алған жағдайда суды жабдықтау желілеріне, оларды реконструкциялауғағ жаңартуға және де жөндеуге қаражаттарды алып, соған жұмсай алады. Яғни, бұл тұтынушылардың коммуналдық қызметтерді пайдалануға сапасын жоғарылатуға, авариясыз өтуін қамтасыз етеді.

Өскеменде ауызсу желілерінің 73 пайызы тозған. Коммуналдық кәсіпорын өкілінің айтуынша, «ауызсуды тұтынудың әлеуметтік нормалары» тұтынушыларды қай топқа жатқызуға болатынын анықтауға өз септігін тигізеді. Әрі пәтерге тіркелген адам санын білуге мүмкіндік береді. 

Әсел Оспанова, "Өскемен водоканал" МКҚ директорының орынбасары:

- Әдетте тұтынушы келісім-шартта бір адамды ғана көрсетеді. Ал шын мәнісінде ол пәтерде бірнеше адам тұрады. Жаңа тарифтер жүйесі қолданысқа енгізілген соң суды тұтыну көлеміне қарап, осы мәселені шешуге болады деп есептейміз.

Бұл өзгерістің түпкі мақсаты - тұтынушыларды тіршілік нәрін орынсыз ысырап қылмауға шақыруды көздейді. 2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Жамбыл өңірінде осындай жүйе енгізілді. Биыл Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облысында осындай шараларды қолға алу жоспарланған.

Талғат Исламұлы, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабақанов