Шымкентте су арнасын мемлекетке қайтаруға қатысты пікір екіге бөлінді

Шымкенттің ауыз су арнасын мемлекет меншігіне қайтаруға қатысты пікір екіге бөлінді.

Қазір қоғам арасында петициялар жарияланып, әрқайсысына 12 мыңнан астам қол жиналған.

Осыған байланысты әкімдік өкілдері мен серіктестік иелері өзара бас қосып, қос тараптың ұстанымдары тыңдалды. Мәселе қалай шешіледі?

Қала халқын ауызсумен қамтамасыз етумен айналысатын компания ішкі және магистралды жүйелердің 78%-не иелік етеді. Осыған байланысты мәслихат депутаттары мен әкімдік өкілдері стратегиялық нысан жекенің басқаруында болмау керек деп есептейді. Өйткені «аймақтың су тарифі Астанамен салыстырғанда 1,5, Алматыдан 2 есе қымбат», - дейді. 

Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:

- Алматыда 45 теңге, Астанада 91 теңге тұратын ауыз суды «Су ресурстары маркетингі» қанша теңгеден сатып отыр!? 142 теңгеден. Сондықтан бұл тұрғыда компанияның ұстанған саясаты мен петицияда айтылып тұрған дүние бір-біріне қабыспайтын дүние деп айтамын.

Ал серіктестік өкілдері болса тарифтен түскен табыстың 41%-ін су желілерін жаңғыртуға жұмсаймыз,-дейді. Аталған қос мегаполисте субсидия бөлініп, баға ұдайы бақылауда болатынын айтады. Сондықтан нысан мемлекет меншігіне өткізілсе бюджет шығына да көбейеді деп есептейді. 

Бақтияр Аталықов, жұмыс тобының мүшесі:

- Себебі әкімдік «Су ресурстары маркетингінің» мүлкін алғаннан кейін оны басқару үшін мемлекеттік мекеме құрады. Ол мекемені ұстап тұру үшін оған отырған жері, жүрген тұрғаны, ақысы, айлығы басқа да шығындары автоматты түрде тарифтің көтерілуіне әкеп соғады.

Пікірсайыс соңында компанияның табысы мен шығыны есептелді. Тараптар серіктестіктің шетел банкінен алған 12 миллиард теңге берешегі барын айтты. Сондықтан толық есеп айырыспай иеліктен шығару да оңай болмайды. 

Қайрат Битасов, заңгер:

- Сол қарызды қайтару үшін кепілдікке осы серіктестіктің жылжымайтын мүлкі және 54% акциясы беріліп кеткен. Ал қазір шетелдік компания кепілдік ұстаушы болғандықтан бізге қауіп төндіреді.

Су арнасына жауапты мекеме 1997 жылы жекешендірілген. Серіктестік басшысы барлық іс заң талаптарына сай жүргізілген деп санайды. Сондықтан оны мемлекет меншігіне қайтаруға ешқандай негіз жоқ, - дейді. 

Анарбек Орман, "Су ресурстары-маркетинг" ЖШС директоры:

- Облыстық әкімшілік өзінің арнайы аппаратында қарап, мұны жекешелендіруге берген. Оны мемлекеттік мүлік ретінде аукционда сатқан. Ал енді сіздер қалай оны мемлекетке қайтарып алғыларыңыз келеді.

Бұған дейін стратегиялық нысанды мемлекет меншігіне өткізу мен оны серіктестік иелігінде қалдыру туралы петициялар жарияланды. Осыған байланысты бұқараның пікірі екігі бөлініп, әрқайсысына 12 мыңнан астам қол жиналған. Ол арнайы құрылған жұмыс тобына тапсырылды. Ал тараптардың тартысына қатысты соңғы шешімді сот шығармақ.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов