«Қараңғы бөлме»: Қарағандыдағы зағиптар мектебінде ерекше жоба бар
Қарағандыдағы зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған облыстық №1 мамандандырылған мектеп-интернатында «Қараңғы бөлме» деп аталатын ерекше жоба бар, деп хабарлайды 24KZ. Білім ошағына келген жас мамандар мұнда ерекше жандардың өмір сүру жағдайын, ішкі жан-дүниесін сезініп, олармен жұмыс істеуді тереңірек түйсінеді. Жарықсыз бөлмеде иіс сезу, сипау, дыбысқа құлақ түру арқылы заттарды айырып, түрлі тапсырмаларды орындайды.
Әсел Сыздықова бұрын балалар үйінде жұмыс істеген. Жақында ол зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернатына тәрбиеші болып жұмысқа орналасты. Мұндай ерекше оқушылармен тәрбие жұмысын жүргізудің өзіндік күрделі әдістемесі бар. «Ең алдымен олардың орнына өзіңді қойып, ішкі жан-дүниесін сезінуің керек», – дейді қараңғы бөлмеде сынақ тапсырып шыққан Әсел.
Әсел Сыздықова, облыстық №1 мамандандырылған мектеп-интернатының тәрбиешісі:
- Қараңғы бөлмеге кіргеннің өзінде мен зағип адамдарды көбірек түсіне бастадым. Ең біріншіден, адам өзіне деген сенімділігін жоғалтады екен. Өйткені тек қана көзімізге сеніп, көруге үйреніп кеткенбіз ғой. Ал бұл жерде барлық сезім мүшелері қосылып кетеді екен. Үйде де осындай нәрселер ұйымдастырып отырамын. Өйткені өзім осы салада жұмыс істегендіктен, осы балаларды түсіну өте қажет.
«Ел бойынша бұл алғашқы жоба. Алдағы уақытта оны жетілдіре түсеміз», – дейді мектеп ұстаздары. Білім ордасында өңірдің әр түкпірінен келген 112 бала оқиды. Осындай өміршең жобалардың арқасында зағип және көзі нашар көретін оқушылармен жұмыс істеу жүйеленеді. «Қараңғы бөлмеде» ұстаздар ғана емес, өзге мектептің оқушылары, ата-аналар да келіп өзін сынауына болады. Бұл көпшіліктің ерекше жандарға деген дұрыс көзқарасын қалыптастырады.
Айман Тілегенова, облыстық №1 мамандандырылған мектеп-интернатының директоры:
- Біз ұстаздарды жылда жаңартып жатамыз. Зейнетке кеткен ұстаздардың орнынан жаңасы келіп жатады оқу бітірген. Сол кісілерге үйрету үшін, оқу барысында қалай қолдану керек, келе салып олар оқуға бірден кірісіп кете алмайды. Өйткені бұл ерекше балалар. Ерекше балалармен жұмыс істеу тәсілдері, өзінің жоспары бар.
Басты мақсат – ерекше балаларды сенімсіздіктен арылтып, көпшілік ортаға бейімдеу. Олар қоғам өмірінен тысқары қалмауы тиіс. Көзі көрмесе де, мұндай ерекше жандар түрлі іске икемді, көбі талантты келеді. «Зағиптардың әліпбиін жасаған Луи Брайль, әнші Андреа Бочелли, Галилео Галилей сынды танымал тұлғалар – соның айқын дәлелі», – дейді ұстаздар.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков.