Бюджеттік-салықтық саясатты реформалау мәселесі қаралды

Бюджеттік-салықтық реформалар жобасы сарапшылармен бірге талқыланды, деп хабарлайды 24kz.

Премьер-министрдің бюджеттік-салықтық саясатты реформалаудың жаңа тәсілдерін әзірлеу туралы тапсырмасына сәйкес, вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Сараптамалық кеңестің бірінші отырысын өткізді. Сарапшылар кодекстің жаңа редакциясында ұсынылып отырған бірқатар қолданыстағы салық жеңілдігін алып тастау, банктер мен қаржы ұйымдары үшін корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін арттыру саясатымен келісті. Мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша сыйақыларға салық салуды енгізу мерзімдерін 2030 жылдан 2026 жылға ауыстыру, ойын бизнесіне салық салуды қайта қарау жөніндегі шараларды да құптады. Бұнын нәтижесінде бюджетке түсетін кірістердің табыстылығы 1 трлн теңгеден астамға арттыру көзделіп отыр. Десе де, шығындар мен бюджет кірістері арасындағы қалыптасқан алшақтықты жабу үшін бұл жеткіліксіз.

Ғалым Айтқазин, экономист:

- Мемлекеттік финанстарда көптеген қиындықтар бар. Әрине, ол салық жинау мәселесі. Білетініңіздей, соңғы жылдары Ұлттық қордан сол салықтың жетпегені үшін көптеген қаражат шығарылды. Сол себепті қазіргі қарастырылып жатқан салық кодексі өте маңызды еліміздің болашағы үшін, біріншіден. Еліміздің бюджетін, халқын болашақта жақсартуына үлес қосатын шешімдер керек. Ол себепті осындай кездесулер өте маңызды.