Ұлытаулық отбасының үш мүшесі бір шахтада жұмыс істейді

Ұлытаулық Ақботиндер отбасының 3 мүшесі бір шахтада, бір ауысымда жұмыс істейді. Отағасы Әбдіқалық Ақботиннің еңбек өтілі 40 жылдан асады. Ал әке жолын қуған ұлдары Азамат пен Асхат жерастында ауыр техника жүргізеді. Отбасы мүшелерінің жалпы еңбек өтілі 80 жылға жуықтайды. «Болашақта кеншілер династиясын қалыптастыру – арманымыз», – дейді олар.

Әбдіхалық Ақботин Мибұлақ ауылының тұрғыны. 2006 жылы «Жомарт» кешіні ашылған күні еңбекке араласқан ол осында табан аудармай жұмыс істеп жүр. Бастапқыда жерасты аттыру жұмыстарына қажет дәрі тасыды. Жасы ұлғая келе жеңіл жұмысқа ауысқан. Қазір кеніштің шаруашылық жұмыстарына жауапты.

Әбдіхалық Ақботин, «Жомарт» кенішінің қызметкері:

- 40 жыл болды менің еңбекке араласқаныма. 17 жасымнан бастап араластым. Осы уақытқа дейін еңбек жолында келе жатырмын. Шахтаның өзінде істегеніме биыл 19 жыл болады. Жарты өміріміз осы жақта өтіп жатыр. Бір үйіміз ғой былай-ақ та. 6 ай үйде, 6 ай осы жұмыс орнында. Жақсы. Жаман емес.

Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Әбдіхалық Ақботиннің ұлдары шетінен әке жолын қуды. Үлкені Ринат Сәтбаев қаласындағы шахтада еңбек етеді. Екінші баласы Асхат – «Жомарт» кенішіндегі үздік жұмысшылардың бірі. Осындағы төбені бекіту телімінде ауыр техника жүргізеді.

Асхат Ақботин, «Жомарт» кенішінің жерасты техникасын жүргізушісі:

- Қауіптілігі бар жұмыстың. Енді өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін ғой осының бәрі. Қасымыздағы адамдардың бірге жұмыс істеп жатқан. Бетон тасимын. Миксермен араластырып, алып келіп, операторымыз бар. Ол операторымыз атып, төбеге бетондап, мықтылығын көбейту үшін. Ұстап тұру үшін құлап кетпеу үшін. Ұнайды өз жұмысым өзіме. Бәріміз осы жерде отбасымызды, бала-шағамызды асырау үшін жұмыс істеп жүрміз.

Әбдіхалық Ақботиннің кенжесі Азаматтың бастапқы мамандығы – электрик. Дегенмен еңбекке араласар тұста бәрібір жерасты шахтасын таңдаған. 14 жылдан бері шахтаның астында өндірілген кенді тасымалдап жүр. Салмағы 50 тонна тартатын алып техниканы ырқына көндірген ол кезекті жұмыс ауысымына дайындық үстінде.

Азамат Ақботин, «Жомарт» кенішінің жерасты техникасын жүргізушісі:

- Өз қалауыммен келдім шахтаға. Арасында ауыртпашылығы бар енді, жұмыстың жеңілі жоқ қой. Барлық жұмыс ауыр. Ертең балам шахтер болам десе, қарсылық білдірмеймін.

Жерасты шахтасында еңбек ету ерлік пен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан болар, ауыр еңбекті екінің бірі таңдай бермейді. Дегенмен Әбдіхалық ағаның немерелері осы бастан «өскенде кенші болам» деп таңдау жасап қойған. Кеншілер әулетінің жалпы еңбек өтілі бүгінде 80 жылға жуықтайды.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев.