Қазақстан-Ресей университеттері арасында 1600 келісімшарт жасалды

Қазақстан мен Ресейдің арасын әлемдегі ең ұзын құрлықтағы шекара байланыстырып тұр. Шекара шегенделгеннен бері әлеуметтік, экономикалық және гуманитарлық салалардағы өзара ынтымақтастық қарқынды дамып, қос ел одақтас мемлекетке айналды. 350-ден астам маңызды келісім жасалып, өзара достыққа негізделген қатынас орнады.

Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы жыл санап нығайып келеді. 20 жыл ішінде екі ел бірқатар бірлескен жобаны жүзеге асырды. Былтырғы 9 айда елге құйылған ресейлік инвестиция ағыны 2,8 миллиард долларға жетті. Бүгінде Қазақстан аумағында 24 мыңға жуық ресейлік компания жұмыс істеп тұр. Оның 4 мыңы былтыр ашылды. Сондай-ақ тараптар өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға күш салып келеді. Қазір экономиканың түрлі салаларын қамтитын 136 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұған Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастық та серпін беріп отыр.

Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазақстан мен Ресейдің мәдени-гуманитарлық қана емес, сауда-экономикалық қатынасы да өркендеп келеді. Егер экономика дамыса, онда халықтың әл-ауқаты дамиды. Сондай-ақ қоғамдағы әлеуметтік саясат пен маңызды салалар қарыштайды. Біздің Ресеймен тіпті тарихи байланысымыз бар. Қазір тараптардың өзара бірлігін екі елдің президенттері қолдайды. Сәйкесінше барлық бастамалар нәтижесін тауып отыр. Оған арадағы 350 келісімнің жасалғаны дәлел бола алады.

Екі елдің ынтымақтастығы білім саласында да нығайып келеді. Қазақстан мен Ресей университеттері арасында 1600-ден астам келісімшарт жасалып, қазір 94 қосдипломдық бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Былтырғы оқу жылында 60 мыңдай отандасымыз Ресейде, ал 1,5 мыңнан астам көрші ел азаматтары Қазақстанда білім алды. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы арқылы 63 ғалым Ресейдің жетекші институттарында тағылымдамадан өткен.

Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жалпы кез келген халықаралық келісім тұрақтылықтың кепілі деп айтсақ болады. 20 жыл бұрын Қазақ-Ресей шекарасының айқындағалғаны бүгінде маңызды құжатқа айналып отыр. Тараптардың арасында сенімге негізделген серіктестік бар. Ал бұл Қазақстан үшін де, Ресей үшін тиімді әрі маңызды.

Қазақстан мен Ресей арасында мәдени байланыс та белсенді дамып келеді. Кейінгі жылдары театр саласында ірі іс-шаралар, соның ішінде фестивальдар, гастрольдік сапарлар мен шеберлік сағттары өткізілді. Былтыр маусым айында «Сильфида» жаңартылған балетінің премьерасы өтті. Қойылым Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында сахналанды. Ал «Астана Опера» театрының солистері Ресейдің Мемлекеттік академиялық Үлкен театрында А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» операсын орындады.

Авторы: Альмира Оразбай.