Жезқазғанда кенші жер астына киіз үй тікті
Жезқазғандық кенші Ақбейсен Қайырбеков өзі істейтін шахтаның астына киіз үй тікті.
650 метр тереңдікте орналасқан қазақы үй ауыр еңбекте жүрген жұмысшылардың бір мезгіл бас қосып, шәй ішетін сүйікті орнына айналған. Ақбейсен кейін киіз үйді өндіріс тарихы мен еңбек озаттары жайлы сыр шертетін шағын музейге айналдыруды жоспарлап отыр.
Жезқазғаннан 200 шақырым қашықта орналасқан «Жомарт» шахтасында 1 мыңға тарта кенші вахталық әдіспен жұмыс істейді. Ақбейсен Қайырбеков 2006 жылы кеніш іске қосылған кезден бері осында еңбек етіп келеді. Жеті қат жер астына киіз үй тігу идеясы отбасынан жырақта жүрген еңбеккерлердің өздерін бір сәт үйінде жүргендей сезінсін деген ойдан туған дейді ол.
Ақбейсен Қайырбеков, төбені бекіту телімінің басшысы:
- 12 сағат жұмыс істейміз. Соның 1ден 2-ге дейін түскі ас уақыты. Сондықтан таза жерде, таза үйде отырып түскі ауқатын ішіп жақсы боп отырсын деген ниет. Бәрі осы киіз үйден шыққан ғой ата-бабаларымыз. Кейде бір сағыныш болады. Шіркін-ай шаңыраққа қарап отырып бір шәй ішсек қой деген. Мысалы, демалысқа барады этаж үйде тұрады. Қанда бар нәрсені сағынады. Сол сағынышты осының ішіне кіріп басса деген ой.
Елдос Кәкенов, тілші:
- Киіз үй төріне қазақтың ұлттық аспаптары, тарихтан белгілі хандар мен батырлардың және осы өңірде өндірістің дамуына үлес қосқан ардагерлердің суреттері ілінген. Мұндағы орындықтың өзі ханның тағына ұқсатып жасалған. Келген жұмысшылар шәй ішіп ғана қоймай, тарихқа қанығып, тіпті ән де салады.
Киіз үйдің есігі тәулік бойы ашық тұрады. Ауыр еңбектен шаршаған кеншілер осында кеп шөл басады. Тек, үй иесінің қоятын жалғыз шарты бар. Дастарқан басында еңбек жағдайын түзеу, жұмысшылар арасында сыйластықты арттыру секілді түзу әңгіме айтылуы керек.
Ақбейсен Қайырбеков, төбені бекіту телімінің басшысы:
- Біздің әкелеріміз, ата-бабаларымыз айтатын дастархан басына келгенде біреуді өсектесең күнә болады, жақсы болмайды, біреудің ауыртпалығын алып қайтесің, одан да жақсы сөз айту керек, жарым ырыс. Сондықтан осында 5 минут отырса да мен жігіттерге осы Қазақстанның тарихын, белді адамдарын айтып отырамын.
Ербол Биболов, кеніштің бас инженері:
- Ақбейсен Төкенұлының өзінің әр түрлі идеялары бар. Сол идеяларының ішінде біз поддержка берген осы киіз үй проектісі болатын. Салуға, орындарын дайындап, ішін безендіруге қарсы алдық. Патриотизм ретінде, духын көтеруге пайдалы деп ойлаймын.
Ақбейсен Қайырбеков киіз үйден бөлек тағы бірнеше жобаны жүзеге асырған. Болашақта ол кеніштің аумағын үлкен саябаққа айналдыруды жоспарлап қойған. Қазірдің өзінде көптеген жеміс ағаштарын жерсіндіріп, түрлі аң-құстың мүсінін орнатқан. Еңбекқор азамат мұның бәрін жұмыстан тыс уақытта жасаған. Тіпті еңбектің өтеуі деп басшылық ұсынған сыйақыдан да бас тартқан. «Бұл екінші үйімізге айналған жұмыс орныма жасаған азғантай сыйым» дейді ол.
Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев