Абай облысындағы жәрмеңкеде азық-түлік арзан бағада сатылды
Абай облысы әкімінің орынбасары Қуаныш Сүлейменов «Северный» сауда-логистикалық орталығына барып, азық-түлік өнімдерінің бағасын тексерді, деп хабарлайды Абай облысының әкімдігі. Бүгін орталыққа Көкпекті ауданының шаруалары кезекті мәрте өз өнімдерін әкеліп отыр.
Жәрмеңкеде 4 бас cиыр еті, 6 бас қой еті, 2 бас жылқы еті, 100 келі балық, 100 келі бал, 200 келі сүт және 50 келі шұжық өнімдері нарықтық бағадан 10-15 %-ға төмен бағада саудаланды.
Облыс әкімінің орынбасары жәрмеңкені аралай жүріп өнімдерін делдалсыз саудалаушы шаруалармен тілдесті. Тұтынушыларға табиғи әрі сапалы азық-түлік өткеру жайы айтылды.
«Еңбегінің жемісін көргісі келетін шаруаларға мемлекет тарапынан тиісті көмек көрсетілуде. Дәл осындай жәрмеңке арқылы еңбек адамы мен тұтынушы арасында делдалсыз сауда ұйымдастыруды көздейміз. Бұл бір жағынан қалалықтарға нарық бағасынан әлдеқайда төмен бағада қалаған азық-түлігін сатып алуына қолайлы. Біз бағаны қадағалап, тұрақты болуына көңіл бөлеміз», - деді Қуаныш Сүлейменов.
Облыс әкімінің орынбасары сауда орталығының зертханасының жұмысымен де танысты. 19 түрлі әлеуметтік азық-түлік бағасына мән беріп, орталық басшына бағаны тұрақты ұстап тұруға қатысты нақты тапсырмалар берді.