Қыс басталғалы қар құрсауынан 1468 адам құтқарылды

Оның 149-ы – бала. Сол секілді 208 техника шығарылған. Бұл туралы Төтенше жағдайларды жою департаменті өкілдері мәлімдеді.

Олар төтенше жағдайлардың туындау қаупі, ауа райының нашарлауы, республикалық автожолдардың жабылуы және басқа да шұғыл хабарлама ерекше бақылауда екенін атап өтті. Айталық, қыс басталғалы 1 300 рет дауылды ескерту жарияланып, республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар 390 рет жабылған. Ал ауа райының нашарлауы туралы халыққа 1 800 рет СМС-хабарлама жіберілді. Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері қысқы авариялық оқиғалардың алдын алу мақсатында тұрғындарды әр ескертуге назар аударуға шақырды.

Аслан Уакишев, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті бастығының орынбасары:

- Елді мекеннен тыс сапарларды жоспарламас бұрын, алдағы қозғалыс бағыты бойынша ауа райы болжамын зерттеу керек. Көлік қозғалысы үшін қандай жолдар жабылуы мүмкін екенін анықтаңыз. Ақпаратты «ҚазАвтоЖол» ҰК сайтында жабық учаскелердің егжей-тегжейлі картасынан көруге немесе 1403 бірыңғай телефоны немесе 112 құтқару қызметінің телефоны бойынша, сондай-ақ «Darmen» мобильді қосымшасының көмегімен нақтылауға болады.