Ақсуат жастары қарияларға қамқорлық танытты

Абай облысының Ақсуат ауданында жалпыұлттық экологиялық бағдарлама аясында қарияларға көмек көрсетілді.

Өңір жастары еңбек ардагерлері мен жалғызілікті жандардың ауласын қардан тазартты. «Мұндай акциялар өскелең ұрпақты тәрбиелеуде өте маңызды», – дейді ұйымдастырушылар. Ақсуат жастары мүмкіндігінше аудандағы көмекке мұқтаж қарттардың барлығын қамтуға тырысамыз дейді. Жалпы «Таза Қазақстан» бағдарламасы бастау алғалы өңірде 100-ден астам сенбілік өтті. 60 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылған.

Бағи Ербаева, Ақсуат ауданының тұрғыны:

- Жас келсе іске, кәрі келсе асқа дейді. Жастардың келгені бізге өте қуанышты. Істелмей жатқан жұмысымыз істеледі, көңіліміздегіні айтамыз. Жастарға қазір жұмыс па бұл. Қолдарының ұшымен-ақ істей салады. Ал бізге бір аттам жер жүру қиын. Сондықтан жастардың ісі өрге баса берсін. 

Жаңасыл Әлихан, аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры:

- Бұл дегеніміз - жастар үшін қарттарымыздың өмірін жеңілдету. Моральдық қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылады. Еріктілер шын ниетімен, ерікті екендерін білдіре отырып көмек қолын созады. Жастар іс-шараның аяғында қарттардан бата алып үйренген.