Павлодар облысында су тасқынына қарсы дайындық басталды
Павлодар облысында су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары басталып кетті, деп хабарлайды 24KZ. Судан қауіп төнсе тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп, апаттың салдарын жоюға 1600 адам, 700-ге тарта техника шұғыл түрде іске кірісуге дайын. Өңірде су тасқынына қарсы кешенді жоспар бекітілген.
Былтырдың өзінде 15 елді мекенде 20 шақырымдай қорғаныс бөгеті, 5 шақырымдай су бұру арнасы салынды. Теміржол мен автокөлік жолдарында су өткізу нысандары жаңарды.
Қайрат Шаймарденов, ТЖД бастығының орынбасары:
- Төтенше жағдайлар қызметі кез келген жағдайға сақадай сай тұруы керек. Техниканы тексеріп шықтық. Дайындығымыз жаман емес. Кейбір ұсақ-түйектерді қалпына келтіруге уақытымыз бар. Көктемге болжам жасалып жатыр. Былтырғы жағдай қайталанбайды деп сенеміз.