Остеосаркоманы жеңген қыз медицина саласында қызмет етеді
Дәрігерлердің көмегімен сүйек обыры дертін жеңген Мақпал Әли қазір өзі емделген Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы орталығында медбике болып қызмет етеді, деп хабарлайды 24kz.
«Бұл мамандықты таңдауыма жасөспірім шағымда ауыр дертпен күресуде көмек қолын созған дәрігерлер әсер етті», - дейді Мақпал.
15 жасында оған дәл осы орталықта күрделі операция жасалған.
Гүлжан Көленқызы, тілші:
- Мақпал Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы орталығына 2016 жылы келіп түседі. Биопсиялық талдамадан кейін төртінші стадиядағы сүйек обыры диагнозы қойылады. Тиісті ем-шара тағайындалып, операция жасалады. Дәрігерлердің біліктілігінің арқасында операция сәтті өтеді. «Осы жағдайдан кейін болашағымды медицина саласымен байланыстырғым келді», - дейді Мақпал. Қазір ол орталықтағы онкологиямен ауыратын балаларға дәрілік заттарды бөліп тарату бөлімінде жұмыс істейді.
Мақпал Әли, Педиатрия және балалар хирургиясы орталығының медбикесі:
- Мамандық таңдаған кезде осы дәрігердердің әсері бірден бір септігін тигізді. Осы Алматы қаласында оқып, осы жерге жұмысқа тұрамын деп шештім. Қазір осы орталықта қызмет атқарамын. Медицина қызметкері болып. Қазір өте жақсы жағдайым. Осындай ауыр дертпен күресіп жатқан балаларға және олардың ата-аналарына айтарым, ауыртпалық уақытша, ең бастысы, төзе білу керек. Қаншама ауыртпалықтың артында керемет күндер. Қуанышты сәттер тұр.
«Остеосаркома, яғни, сүйектің қатерлі ісігі көбіне жасөспірім балаларда, үлкендерде кездеседі», - дейді дәрігерлер. Жылына 25 жасөспірім осы дертке шалдығады екен. Негізінен иық буындарын, аяқ сүйектерін зақымдайды. Өкінішке қарай, 2012 жылға дейін елімізде ампутациядан басқа, бұл дерттің емі болмаған. Ал қазір орталықтың білікті дәрігері Бахрам Жұмадуллаев ісікті эндопротездеу әдісін сәтті жүзеге асыруда.
Бахрам Жұмадуллаев, Педиатрия және балалар хирургиясы орталығының бөлім меңгерушісі:
-Бүгінгі таңда бүкіл әлемде дамыған елде остеосаркоманың толық жазылып кету жағдайы 70% шамасында құрайды. Біздің елде ісікке қарсы үлкен дозалы дәрімен емдеу емін енгізу арқылы операцияны ісікті сүйегімен қоса алып тастап, оның орнынан импланттар, эндопротездер онкологиялық мегапротездер қоюдың нәтижесінде біз де сол дәрежеге жеттік. 70%-тен аса қазіргі таңда толық балалар жазылып шықты.
Күрделі операция мемлекет есебінен тегін жасалады. Ал, егер жасөспірімнің бойының ұзындығы 150 сантиметрден төмен болса, баланың өсу кезеңін ескеріп, оларға арнайы ұзартылатын протездерге тапсырыс беріледі.
Бахрам Жұмадуллаев, Педиатрия және балалар хирургиясы орталығының бөлім меңгерушісі:
- Балаға қайсысы қолайлы, соны біз таңдаймыз. Ол аз инвазивті ұзартуға болатын протездер. 2024 жылдың өзінде 150 сантиметрден қысқа балалар көп болды. 8 ота жасалынды. Әр балаға индивидуально дайындалған протездар созуға болатын протездар. Ол проблеманы осылай шешіп жатырмыз.
«Остеосаркоманы дер кезінде анықтаған жағдайда емдеп жазуға болады», - дейді дәрігерлер. Кей жағдайда ата-аналар ісікті қыздырып, ауруды асқындырып алады екен. Сондықтан буындар ісіп, түнгі уақытта ауру мазаласа, дереу дәрігерге қаралған жөн.
Айта кетейік, Педиатрия және балалар хирургиясы орталығында дәрігерлер соңғы он үш жылда 100-ден аса буындарды эндопротездеу операциясын жасап, науқастардың 95%--нің аяқ-қолының қызметін сақтап қалуға қол жеткізген.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов