Талдықорғанда 19 отбасы баспаналы болды

Әлеуметтік осал топқа жататын жанұяларға үй «Береке» ықшамауданындағы коттеджді қалашықтан берілді, деп хабарлайды 24KZ.

Коттеджді қалашықтың төменгі жағы да енді халық қоныстанған тұрғын үй алабына айналады. Қалалық әкімдік үш жылдан бері қаңырап, бос тұрған нысандардың құрылысын аяқтап, кезекте тұрғандарға үлестірді. Баспаналы болғандардың бірі – Фарида Омарова. Бес балалы отбасы 18 жыл бойы жалдамалы пәтерде тұрып келген.

Фарида Омарова, қала тұрғыны:

- Анау жерде, мына жерде, оңай емес пәтер жалдап тұрған. Оны әрбір ата-ана біледі деп ойлаймын. Кеше баспаналы боласыздар дегенде жыладым. Арасында қуандым. Таңға дейін кірпік қақпадым. Қалай болады екен, қай жерден алады екем, керемет сезім. Ең бастысы өз үйіміз, өз баспанамыз.

Жауаптылардың мәліметінше, арендалық үйдің құны 16-17 млн теңге көлемінде. Тұрғындар ай сайын 7-8 мың теңгедей төлеп тұрады. Қаражаты жеткен жағдайда сатып алу мүмкіндігіне ие.

Шайкамал Ысмайылова, қала тұрғыны:

- Үлкен бауырымның қызы өз үйіне келіп, бүгін, міне, өте қуанштымыз. Осындай зәулім дәу үй бергендеріне рақмет.

«Береке» ықшамауданы 2018 жылы салына бастаған. Сол кезде жоспарланған 577 нысанның 373-і ғана пайдалануға берілді. Қалғандарының құрылысы аяқталмай қалды. Оларға сараптама жасатылып, былтыр 2,7 млрд теңге қарастырылды. Ақыры жұмыс жанданып, салынып біткендері кезең-кезеңмен ел игілігіне беріліп жатыр.

Ернат Бәзіл, қала әкімі:

- Біз осы жылдың аяғына дейін толық осы 107 үйді бітіріп, әлеуметтік осал топтардың алтын күміс алқасының иегерлері аналарға таратамыз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен біз толық 204 үйді тапсырып береміз.

Талдықорғанда 14 мыңнан аса адам үй кезегінде тұр. Қала әкімшілігі жыл сайын 1400-ден астам баспананы қолданысқа беріп, тізімдегілер санын 10%-тен азайтып отырмақ.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосын.