«Қызылорда – Арал» автожолы ақылы жүйеге ауысты
«Қызылорда – Арал» автожолы ақылы жүйеге ауыстырылды.
Ескеретіні, ақша алымы тек жүк көліктері мен автобустарға ғана қолданылады. Ал жеңіл көліктерден ақы алынбайды. Екі аралықтағы 454 шақырым жол екінші техникалық санатқа жатады. Жол бойында 6 бақылау жүйесі орнатылып, көлік қозғалысы мен жылдамдығы автоматты түрде тіркеледі. Сондай-ақ трассада төлем бекеттері болмайды, интернет-банкинг секілді 10-ға жуық әдіспен ақша аударымдарын жүргізуге мүмкіндік қарастырылған. Ақылы жолда жүк көліктерінің салмақтық, ал автобустардың сыйымдылығына тариф белгіленген. Алдын ала төлем жасау кезінде жеңілдік қарастырылған. Мысалы, 16 орынға дейінгі автобус немесе жүк көтергіштігі 2,5 тоннаға дейінгі жүк автомобильдері үшін алдын ала төлем 2840 теңге болса, кейінгі төлем 3330 теңгені құрайды. Сыйымдылығы 32 орыннан асатын автобустар мен жүк көтергіштігі 10 тоннаға дейінгі автопоездар үшін де алдын ала төлемде жеңілдіктер қарастырылған. Мамандар түскен қаражат республикалық жолды күтіп ұстауға жұмсалады дейді.
Бір бағыттағы (454 шақырым) төлем мөлшері:
- 16 орынға дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 2,5 т. дейін жүк автомобильдері үшін алдын ала төлем – 2840 теңге, кейінгі төлем – 3330 теңге;
- 32 орынға дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 5,5 т. дейін жүк автомобильдері үшін алдын ала төлем – 5750 теңге, кейінгі төлем – 6740 теңге;
- 32 орыннан асатын автобустар және жүк көтергіштігі 10 т. дейін автопоездар үшін алдын ала төлем – 8570 теңге, кейінгі төлем – 10 100 теңге;
- жүк көтергіштігі 10 т. жоғары және 15 т. дейінгі жүк автомобильдері үшін алдын ала төлем – 11 470 теңге, кейінгі төлем – 13 470 теңге;
- жүк көтергіштігі 15 т. жоғары жүк автомобильдері, оның ішінде тіркелгіш және ершікті тартқыштар үшін алдын ала төлем – 14 290 теңге, кейінгі төлем – 16 830 теңге.