ШҚО емханаларында биометрикалық тексеріс жүйесі енгізіліп жатыр

Шығыс Қазақстан облысында емдеу мекемелеріне биометрикалық тексеріс жүйесі енгізіліп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Қазір Өскеменде үш, ал аудандардағы екі емханада әр адамның жеке бас дерегі Face ID құрылғысымен анықталады.

Ақпараттық технологияның пайдасы – науқастардың дәрігерге қаралуы жайында жалған есепке жол берілмейді. Соның арқасында бюджет қаражаты мен сақтандырылған азаматтардың жарнасы рәсуа болмайды.

Өскеменде емханалар фейс-бақылау бағдарламасын қолдануға жаппай көшіп жатыр. Науқастар дәрігерге онлайн түрде жазылғанымен қабылдау Face ID құрылғысымен жүргізіледі. Биометриялық сәйкестендіру жүйесі көрсетілетін қызметтің нақты есепке алынуын қамтамасыз етеді. Осылайша, жалған медициналық жазба жазылуын болдырмайды.

Галина Касаткина, терапевт:

- Дәрігер қабылдауына кірсеңіз, сізді осындай бейнекамера түсіреді. Одан қорқудың қажеті жоқ. Ол қазір Face ID құрылғысымен сәйкестендіру жүріп жатқанын білдіреді. Пилоттық жоба жыл басынан емханаларда біртіндеп енгізіліп жатыр.

Былтыр облыстағы емдеу мекемелерінде 500-дей жалған жазба енгізіліп, іс жүзінде жүргізілмеген медициналық қызметтердің құны 6 млн теңгеден асқан. Енді мұндай заңбұзушылыққа түбегейлі тосқауыл қойылады. Жаңашылдыққа егде жастағы тұрғындар да риза.

Галина Сербина, зейнеткер:

- Жүйенің түсінікті әрі қауіпсіз болғаны маңызды. Дәрігер қаралушылардың жеке бас дерегін бейтаныс адам қолдана алмайды деді. Мен сияқты зейнеткерлерді, біріншіден, қауіпсіздік мәселесі алаңдатады.

Дегенмен, жүйенің әлі де жетілдіретін тұстары бар. Мысалы 16 жасқа дейінгі балалар, мүгедектігі бар науқастарға дәрігерге тіркелуді растап әрі тегін дәрі-дәрмек алу үшін емханаға баруы керек.

Диана Төлемханова, қалалық емхананың бөлім басшысы:

- Егер де фото-видео жүргізілмеген жағдайда онда пациенттер eGov mobile қосымшасына кіру арқылы жеке куәліктерін ашып, сол жердегі 6 санды кодты айту арқылы қабылдау жүргізіледі. Бүкіл пациенттерде емес, біразында смартфон емес кнопкалы ұялы телефон қолданылуда. Сол себепті олар бізне не 6 санды кодты айта алмайды, не фото-видео жүргізілмейді.

Денсаулық сақтау бағытындағы ақпараттық жүйе биылдан бастап өңірлерде енгізіле бастады. Былтыр сала министрлігі республика бойынша 15 мың бейнекамера мен биометрикалық тексеру құрылғысын сатып алды. Бұл елдегі емдеу мекемелерінің 30%-нің ғана сұранысын қамтиды.

Авторлры: Талғат Исламұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин