Ақмола облысында көктемгі егіс науқанына дайындық басталды
Диқандар қақаған қыста да қарап жатқан жоқ. Ақмола облысының шаруалары көктемгі егіске дайындықты бастап кетті, деп хабарлайды 24kz.
Қазір ауыл шаруашылығы құрылымдарында техника жөндеу, тұқым даярлау, тыңайтқыш сатып алу жұмыстары қызған.
Биыл 5,5 млн-ға жуық гектар жер игеріледі. Оның басым бөлігіне дән себіледі.
Капитонов ауылындағы шеберханаларда жұмыс қауырт. Механизаторлар трактор, комбайндарның қозғалтқышын жөндеп, көктемгі далалық жұмыстарға қажетті құрал-саймандарды қалпына келтіріп жатыр. Себебі бір айдан соң егіс алқабына шығады.
Владимир Богданов, кәсіпорынның бас инженері:
- Егіс науқанына қажетті техниканың 70%-ін жөндеп қойдық. Қазір тұқым дайындап жатырмыз. 150 мың гектар жеріміз бар. Соның 30%-іне майлы дәнді дақылдар себіледі. Қалғанына арпа-бидай егеміз.
Көктемгі егіс науқаны қомақты қаржыны қажет етеді. Сол себепті диқандар тиімді субсидиялау және жеңілдетілген несие беру тетіктерін қарастырып жатыр. Көбі «Кең дала-2» бағдарламасы ыңғайлы екенін айтып отыр.
Дина Ахметжанова, «Kokshe» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бөлім басшысы:
- Бұл бағдарламаның кепілдік шарты өте тиімді. 5%-тік сыйақы мөлшерлемесі бар. Сондықтан да шаруалардың «Кең дала-2» бағдарламасына қызығушылығы жоғары болып тұр.
Ақмола облысы бойынша 70 шақты шаруа жеңілдетілген несие бағдарламасымен 27 млрд теңге рәсімдеуге өтінім берген. Көбі сол қаржыны алып үлгерді.
Нұртай Әлин, шаруа қожалығының басшысы:
- «Кең дала» бағдарламасының бір жақсы жері – қаржыландыру жұмыстары ерте басталады. Ол біздің қосалқы бөлшектер мен жанар-жағармай және түрлі тыңайтқыштарды сатып алуымызға мүмкіндік береді.
Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, биыл да өнімділікті арттыруға басымдық беріледі. Ол үшін 330 мың тонна минералды тыңайтқыш қолданылады.
Марат Сауытов, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- 800 мың гектар алқап үш кезеңді өңдеуден өтті. Қазіргі кезде 300 мың гектар жерде қар тоқтату жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 1 млн гектардай сүдігер өңделгенін де айта кету керек.
Өңір бойынша көктемгі дала жұмыстарды атқаруға 85 мың тоннадан астам жанар-жағармай қажет. Ол екі мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымына жеңілдетілген бағамен беріледі.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аслан Абуталипов, Виктор Полянный