Астанада отбасылық жанжалға қатысты күніне 20 шақты хабарлама түседі

Елде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң қатаңдатылғанымен, әйелі мен бала-шағасына жұдырық ала жөнелетіндер азаймай тұр, деп хабарлайды 24kz.

Мәселен былтырдың өзінде полицияға 100 мыңға жуық хабарлама келіп түссе, соның 72 мыңнан астамына қорғау нұсқамасы берілген. Бұл мәселе Астананың өзінде де өзекті.

Мерей Қанапия тәртіп сақшыларымен рейдке шығып, аталған жайттың куәсі болып қайтты.

Мерей Қанапия, тілші:

- Жаңа біразда отбасылық кикілжіңге байланысты қоңырау түскен болатын. Біз де полицейлермен бірлесіп, айтылған мекенжайға келдік. Барлық жайтты сәлден соң білеміз.

Сол маңда жүрген тәртіп сақшылары оқиға орнына бізден бірінші жетіп, ерлі-зайыптыны полиция учаскесіне әкеліп жатыр. Жағдай күрделі болғандықтан екінші жеке құрам да осында жұмылдырылған. Себебі жәбірлеуші азаматтың наркологиялық есепте тұрғаны және бірнеше мәрте үстінен әкімшілік іс қозғалғаны белгілі болды.

Оның үстіне азамат жақында ғана 10 күндік қамаудан босатылып шыққан. Араға аз уақыт салып, жағдай тағы қайталанып отыр. Енді соттың шешімімен 15 күнге дейін қамауға алынады.

Гүлмира Шрахметова, Астана қаласы ПД Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің бастығы:

- Бір тұлғаға бір тарапқа осы қаңтар айында қорғау нұсқамасы қойылған ҚР Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы профилактика заңының 20-бабына сәйкес қорғау нұсқамасының талаптарын бұзды екінші тарап. Сол себепті ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 461-бабы бойынша хаттама салынып, агрессорды жауапкершілікке тартады.

Мерей Қанапия, тілші:

- Жедел түрде айтылған мекенжайға келдік. Иә, бұл азамат та наркологиялық есепте тұр. «Әйелі, бала-шағасы әбден қорқып қалған. Ішімдік ішсе адамға пышақ ала жүгіреді», - дейді жұбайы.

Артынша тәртіп сақшылары оны көлікке мінгізіп, аудандық полиция басқармасына алып кетті. Ол да 10 күндік қамауға алынады.

Гүлмира Шрахметова, Астана қаласы ПД Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің бастығы:

- Көбінесе отбасылық тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың 80%-і ішкіліктің кесірінен болады. Сондықтан Астана қаласы полиция департаментің қызметкерлері осы ішкілікпен күресті, ішкілікпен жұмысты оңтайлы жолға қойып жатыр.

Тәртіп сақшылары әрі қарай хабарламалар мен қоңырауларды күтпей-ақ маскүнемдік бойынша есепке алынғандарды өздері тексере бастады. Себебі былтыр Астананың өзінде 9 мыңнан астам әйел полицияның қорғауына алынса, 7236 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Егер отбасылық жанжалдың арты ауыр қылмыстық іске ұласса, агрессор 3-тен 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Авторлары: Мерей Қанапия, Дияс Қобыланбаев