Абай облысында 5000-нан астам студент жұмысшы мамандығын меңгеріп жатыр
Абай облысында жұмысшы мамандарды даярлайтын 21 колледж бар, деп хабарлайды 24kz.
Оларда 5 мыңнан астам студент өндіріске қажетті мамандықтарды игеріп жатыр. Сондай техникалық оқу орындарының бірі Ақсуат ауданында орналасқан. Былтыр колледждің материалдық-техникалық базасын жаңартуға 180 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. Мұнда қазір 300-ге жуық студент білім алады. Колледж басшылығы жұмысшы мамандыққа қызыққан жастардың саны жыл сайын артып келе жатқанын айтады.
Мейіржан Ержанұлы Тарбағатай ауданынан арнайы келіп, осы колледжді таңдаған. Ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинист мамандығы бойынша білім алып жатыр. Болашақта осы салада еңбек еткісі келеді.
Мейіржан Ержанұлы, студент:
- Ауыл шаруашылығы саласын механикаландыру мамандығын оқып жатырмыз. Осы мамандықты оқи отыра, трактор және жеңіл автомобиль куәлігі мен слесарь ремонтник куәліктерін аламыз. Мен бұл колледжге өз еркіммен түстім, өз таңдауыммен түстім. Себебі ауылшаруашылығы механикаландыру мамандығы өз күшін жоймайды. Болашақта өз үлесімді қосамын деген ниеттемін.
Ақсуат колледжін бітірген түлектер негізгі мамандығынан бөлек, жүргізуші куәлігін алып шығады. Бұл өте тиімді, - дейді жастар. Ерзат Мұратов колледж табалдырығын биыл аттаған. Жұмысшы мамандығына бала күнінен қызыққан.
Ерзат Мұратов, студент:
- Бұл мамандық көп адамдардың қолынан келе бермейтін мамандық. Осы сала өзіме ұнағандықтан мен таңдадым. Өзімнің туған ауылыма кішкене болсын үлес қосқым келгендіктен.
Ақсуат колледжі осыдан 65 жыл бұрын ашылған. Осы күнге дейін 4 мыңнан астам студент өндіріске қажетті мамандықты меңгерді. Оқу ордасына түскендер ветеринар, кондитер және слесарь-жөндеуші секілді 7 жұмысшы кәсібін алып шығады.
Қайрат Қайырбаев, колледж директоры:
- Білікті де қабілетті маман дайындап шығу – біздің негізгі міндетіміз. Осында оқып жатқан студенттерімізге барлық жағдай жасалған. Біздің колледжге сұраныс өте жоғары. Мысалы былтыр бітірген 104 баланың тоқсан 8%-і түгел жұмыспен қамтылды.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Дәл қазір біз тұрған өндірістік шеберхана 10 жыл бойы апаттық жағдайда тұрған. Былтыр облыстық бюджеттен 60 млн, демеушілерден 120 млн қаражат бөлінген. Шеберхана күрделі жөндеуден өтіп, студенттерге қажетті жабдықтармен жасақталған.
Абай облысында 33 арнаулы білім беру ұйымы болса, соның 21-і жұмысшы мамандығына оқытады. 7 колледж өңірге қарасты аудандарда орналасқан.
Вилена Жақыпбаева, Білім беру басқармасының бөлім басшысы:
- Қазіргі таңда 5444 студент оқып жатыр. Енді қуантарлық жағдай, былтырғы жылға алдыңғы жылға қарағанда қазір өсім байқалады. Мысалы, геодезия және картография колледжіне былтыр 245 бала қабылдаса, биыл төрт жүзден астам бала қабылдады.
Былтыр 11 колледж ғимаратына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Бұған 447 млн теңге жұмсалды. Бір арнаулы білім беру ұйымы күрделі жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа білім басқармасынан 1 млрд-тан астам теңге бөлінді.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов