Қарағандыда науқастар заманауи технология көмегімен емделуде
Қарағанды облысында өткен жылы 3700 адам онкологиялық ауруға шалдыққан, деп хабарлайды 24kz.
Өңір бойынша диспансерлік тіркеуде 21 000 пациент бар. Дәрігерлер оларға хирургиялық жолмен, дәрі-дәрмекпен және терапиялық еммен көмек көрсетеді. Мысалы химиотерапия орталығында заманауи емдеу технологиясы қолданысқа енгізілген. Мұнда жаңа томотерапия аппараты қойылды. Бұл – қатерлі ісіктің айналасындағы жұмсақ тінді зақымдамай емдейтін әмбебап медициналық жабдық. Өткен жылы 780 пациент химиотерапиямен ем алды. Орталық палаталары ыңғайлы етіп жабдықталған.
Жадыра Нұркетаева, Химиотерапия орталығының бөлім меңгерушісі:
- Науқастарға қолайлы, комфортты жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Бұл орталықтың әр бөлімінде 1, 2 және 3 адамдық палаталар орналасқан. Әр палатада функционалды кереуеттер, Төсек маңында медбикені шақыратын тетік орналасқан. Әр палатада жеке санитарлық-гигиеналық бөлім бар.