Есірткі туралы хабарлаған өскемендік ₸305 мың сыйақы алды
Шығыс Қазақстанда «STOP ЕСІРТКІ!» жобасы басталды, деп хабарлайды 24KZ. Негізгі мақсат – ұрпақ санасын улап жатқан психотропты заттардың таралуына жол бермей, қоғам болып күресуге шақыру. Енді өлкеде есірткі қылмысы жайлы қандай да бір нақты ақпаратпен бөліскен адамға сыйақы беріледі. Бұндай ынталандыру жұрт қызығушылығын оятқан сыңайлы.
Мәселен, жақында Өскемен қаласының тұрғынынан маңызды хабарлама түскен. Сол мәліметтің көмегімен есірткі сатушы бұлтартпас айғақпен қолға түсті. Ал ақпаратты жеткізген адамға қомақты сыйақы берілді. Ол қаржы ІІД, прокуратура мен облыс әкімдігі арасындағы өзара келісімге сай «Парыз» қорынан бөлінді.
Манат Жақыпбеков, ШҚО прокуратурасының басқарма прокуроры:
- Қазіргі таңда халықтың көмегі үлкен тиіп жатыр бізге. Соның арқасында бізге хабарлама кеп түсті. Есірткі таратушы тұлғадан 60гр Альфа ПВП есірткісі тәркіленді. Тәркіленгеннен кейін жаңағы бізге хабарлама берген тұлғаға ҚР азаматына 305 мың теңге сыйақы берілді.