Сенаторлар Курчатовқа ғылым қаласы мәртебесін беру жолында ұсыныстар әзірлеуде
Курчатовқа ғылым қаласы мәртебесі берілуі мүмкін. Бүгін Сенат депутаттары Курчатов қаласын ғылыми орталыққа айналдыру мәселесін қарады.
Сенатор Андрей Лукиннің айтуынша, ғылым қалашығының тұжырымдамасын әзірлеуді ең әуелі қарапайым мәселелерді шешуден бастау керек. Бүгінде, Ұлттық ядролық орталықтың ғылыми жетістіктері мен әлеуеті инвестиция тартуға қауқарлы. Тіпті Жапония, Ресей елдерінің ғалымдарымен етене жұмыс істейді. Қазір Ұлттық ядролық орталықта 1700-ге жуық адам еңбек етіп жүр. Сенаторлар Үкіметке бұған қатысты бірқатар ұсыныс әзірледі. «Әрі бұл мәселе инфрақұрылымы тұралаған қаланың оңалуына септігін тигізеді», - дейді.
Андрей Лукин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Ең алдымен, Курчатов қаласының ғылым қалашығының тұжырымдамасын әзірлеуде қарапайым мәселелерді шешуден бастау керек. Тозығы жеткен инфрақұрылымды жаңарту, тұрғын үй мәселелерін шешу тағы бар. Біз Курчатов қаласындағы ұлттық ядролық орталыққа бардық, қызметін тиімді жүзеге асырып жатыр. Ұлттық ядролық орталығы былтыр қателеспесем, шамамен 3 немесе 4 млн АҚШ долларды тапты. Сондықтан бүгінде Ұлттық ядролық орталықтың шығынсыз мекеме екенін, оның ғылыми жетістіктері мен әлеуетіне және инвестиция тарту мүмкіндігі бар екенін сенімді түрде айта аламын.