Көкшетауда жылу қымбаттады
Көкшетауда жылу 23%-ке қымбаттады, деп хабарлайды 24kz.
Қазір шаһардағы 1 гигакалорияның орташа құны 5471 теңге.
Тарифтің көтерілуін мамандар көмір мен электр энергиясының қымбаттауымен байланыстырып отыр.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Қаланы «Көкшетау жылу» кәсіпорыны жылумен қамтамасыз етеді. Мекеме қазір көмір мен мазуттан бөлек, электр энергиясын да сатып алуға мәжбүр. Биылдан бастап отын бағасы да көтерілген. «Бұл жылу тарифінің қымбаттауына себеп болды», - дейді кәсіпорын басшылығы.
Асқар Нұрмағанбетов, «Көкшетау жылу» кәсіпорны директорының орынбасары:
- Біз тұтынатын Екібастұз көмірі биылдан бастап 30%-ке қымбаттады. Сондай-ақ электр энергиясы былтыр наурыз айында 30%-ке өсті. Осыларды ескере отырып, жылу тарифін көтеру туралы шешім қабылдап, табиғи монополияларды реттеу департаментіне өтінім бердік. Олар 1 гигакалорияның орташа құны 5471 теңге қылып бекітті.
Жылудың жаңа тарифіне жергілікті халықтың көңілі толмай отыр. Себебі қаладағы кей үйлер суық күндері азынап кетеді. Жылуға жарымай отырған тұрғындар бағаның не себепті қымбаттағанын түсінбей дал.
Гүлмира Әбікеева, қала тұрғыны:
- Юбелейный 2-де тұрам. Үй салқын болды. Біз қосымша қосылып ақша жинап, насос қойдық. Қазір өзі қымбатшылықта азық-түлік қымбаттап жатыр, еще комунальный қымбаттап жатыр.
Татьяна Савченко, қала тұрғыны:
- Иә, жылу бағасының көтерілгені сезіліп жатыр. Әрине, қиындау. Бірақ экономикалық тұрғыда айта алмаймын. Мүмкін осылай болу керек шығар.
Көкшетауда ірі жылу электр орталығы жоқ. Қаладағы жылу мекемелері әбден ескіркен. Оларды жаңартуға жыл сайын қыруар қаржы бөлінеді. Бұдан бөлек, қызметкерлердің жалақысы тағы бар. «Бұл ретте, кәсіпорынның шығыны өзін-өзі ақтамайды», - дейді мекеме өкілдері.
Асқар Нұрмағанбетов, «Көкшетау жылу» кәсіпорны директорының орынбасары:
- Кәсіпорынның шығыны жылына шамамен 8 млрд теңгеден асса, кіріс небәрі 4,5 млрд теңге. Қалған қаржыны мемлекет бөледі.
Аймақта электр энергиясы да тапшы. Сондықтан кәсіпорындар тарифті көтеруге мәжбүр. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы өңірдегі осы мәселені көтеріп, Үкіметке жаңа тариф саясатын жүзеге асыруды тапсырды.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный