Елімізге қажетті әуе отыны Қытай мен Түрікменстаннан әкелінуі мүмкін

Алдағы уақытта елімізге қажетті әуе отыны Қытай мен Түрікменстаннан әкелінуі мүмкін, деп хабарлайды 24kz.

Отынды импорттау талаптарын өзгертуге қатысты құжат жобасы ашық нормативтік құқықтық актілер порталына жарияланды.

Әуе байланысы арқылы жүк тасымалына қажетті отын тапшылығының мәселесін шешу мақсатында қолға алынғалы жатқан іс-шараның бір парасы осы. Ресейден басқа шет мемлекеттерден алдырылатын отын нарықтағы бағаға қалай әсер етеді? Әуе билеттерінің құнына ықпалын тигізе ме?

Қазақстандық үш мұнай-газ өндеу зауыты жылына 630 мың тонна әуе отынын өндіреді. Бірақ отандық авиация нарығындағы қажеттілік кейде миллион тоннаға жетіп қалады. Осы себепті, жыл сайын 300 мың тоннадайын Ресейден импорттауға тура келеді. Себебі бізде қолданылатын отынның ТС1 маркасы солтүстіктегі көрші мемлекетте өндіріледі. Ал халықаралық стандарттағы Jet A-1 маркалы отынды қазақстандық әуе компаниялары аса көп тұтына бермейді. Десе де, осы стандарттағы отын импорттауға болатын ең жақын мемлекет –Қытай елі. Шығыстағы көршімен арадағы тиісті келісім осыдан бірер бұрын жасалған.

Сәрсен Жарылғасов, ҚР көлік министрлігі азаматтық авиация комитеті төрағасы орынбасарының м.а.:

- Алайда, Қытайдан тасымалдауда бір кілтипан бар. Әуе отыны ол жақтан теміржол вагондарымен тасымалданады. Ал Қытай мен Қазақстандағы теміржолдар желісі екітүрлі. Сондықтан «Қазақстан теміржолы» бұл мәселені қазір қарастырып жатыр. Сонымен бірге, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен әкелінетін отынға баж салығы салынады. Әрине, сол себептен импортталған авиаотынның бағасы қымбаттау болады.

Инфрақұрылымды салдыру, тасымал логистикасы мен резервуарда сақтау жеме-жемге келгенде Jet A-1 құнына кіретін болады. «Оған қоса маусымдық сұраныстың күрт өсуін де ескеру керек», - дейді құзырлы орган өкілі. Яғни, жазда әуе отынына сұраныс көп, тиісінше, бағасы қымбаттайды. Қыс мезгілінде сұраныс төмендегендіктен, баға да түседі. Авиациялық сарапшы Әбіл Кекілбайдың пікірінше, бұл транзиттік жүк тасымалдаушылары үшін тиімсіз. «Себебі, біздегі авиаотын бағасының қалыптасуы шетелдегі талаптарменен сәйкес келмейді», - дейді ол.

Әбіл Кекілбай, авиация саласының сарапшысы:

- Себебі бізде формуламен жұмыс істемейді. Формуламен жұмыс істегенде біз алдын ала біздер бір жылға жоспар құра аламыз. Сосын авиаотынның уақыт сайын жоқтылығы да осындай жоспарларды жоққа шығарады. Себебі үлкен жүк тасымалдайтын авиакомпанияларға контракт қойғанда олар бір айға контракт қоймайды. Жылдап контракт қояды. Сол контрактердің ішінде жылдап қойған авитасымалы үшін мына жанармай мәселесі де шешіліп отыруы керек.  

Жолаушылар әуе тасымалын ұйымдастыратын отандық компаниялар  өзімізде өндірілген отынмен қамтамасыз етіледі. Сондықтан импорттық әуе отыны билет бағасының саясатына ықпал етпеуге тиіс. Тек транзиттік жүк тасымалы мен шетелдік әуе компанияларына тиімсіздеу. Оларға қазақстандық әуе нарығының сервисін тартымды ету үшін ең алдымен инфрақұрылым мен отын бағасын реттеу міндеті тұр. Ал көлік министрлігінің импорт талаптарын өзгерту ұсынысы – бұл жолдағы алғашқы қадамдардың бірі ғана.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Мадияр Қындыбаев, Ырыстанбек Оспанов