ШҚО-ның таулы аймағына қар көшкінін ескертетін құрылғы орнатылды
Шығыс Қазақстан өңірінде тау арасына қар көшкінін ескертетін арнайы құрылғылар орнатылды, деп хабарлайды 24kz.
Бұл автоматтандырылған жүйе инженер-гидрогеологтарға көп көмек. Енді мамандар қардың қалыңдығын өлшеу үшін басын қатерге тігіп, биікке шықпайды. Барлық ақпарат интеллектуалды қондырғы арқылы тікелей операторға, құтқарушылар мен «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандарына жолданады.
Алтай тауларындағы Горная Ульбинка шатқалына көшкін қаупін анықтайтын датчиктер орнатылды. Қондырғы арқылы бақыланатын учаскелер қатарында тау шаңғысы курортына апаратын жол да бар. Қыста тау беткейлеріне қалың қар жиналады. Енді осы қауіпті аймақтарды автоматты жүйе бақылайды.
Наталья Денисова, жоба авторы, профессор:
- Мұнда негізгі станция орнатылды, ол метеодеректерді жинайды. Яғни, желдің жылдамдығы мен бағытын, қысым мен температураны толықтай тіркейді.
Бұл құрылғылар көшкін қаупін 90% дәлдікпен анықтай алады. Олардан алынған деректер GPS арқылы серверге жолданады. Ақпарат әр 15 минут сайын жаңартылады. «Мұндай жүйені облыстың тағы үш тау бөктерінде орнатамыз», - дейді мамандар. Құтқарушылардың айтуынша, жасанды интеллектке негізделген көшкін қаупін болжау жүйелері өңір үшін өте маңызды. Өйткені Шығыс Қазақстанда көшкін қаупі бар 497 учаске тіркелген.
Телғат Нұрахмет, облыстық «Қазселденқорғау» ММ басшысының м.а.:
- Бұл қондырғы ШҚО техникалық университетінің мамандарымен ойластырылған. Бүгінгі күні бұл көп жеңілдік береді біздің мамандарға. Күнделікті қарау жеңілдетіледі. Нақтылы уақытта қардың қалыңдығы, ауаның температурасы және басқа да табиғи өзгерістер көрсетіліп отырады, мониторда бақылаушылардың қолында болады.
Қазақстандық ғалымдардың жобасы техникалық мүмкіндіктерді арттыра отырып, адам еңбегін барынша азайтуға арналған. «Дегенмен, бұл қондырғылар әлі де жетілдіруді қажет етеді», - дейді мамандар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин