Сенаторлар пошта қызметін жетілдіретін заңды мақұлдады
«Қазпошта» шалғайдағы ауыл тұрғындарына дәрі-дәрмек жеткізетін болады. Бүгін Сенат пошта қызметін жетілдіретін заңды мақұлдады, деп хабарлайды 24kz.
Құжатта сәлемдемелерді алу механизмдерін жеңілдету көзделген. Яғни, жеткізілген сәлемдемені тапсырыс беруші ғана емес олардың жақындары да ала алады. Ол үшін арнайы пин-кодты атау жеткілікті. Сондай-ақ көпқабатты үйлердің жанынан пошта бөлімшелері ашылады. Әрі ұлттық оператор электрондық сауданы дамытуды көздеп отыр. Сенат заң жобасын Президентке қол қоюға жіберді.
Айта кетейік, елімізде 2054 ауылдық пошта бөлімшесі жұмыс істейді. Олар қолма-қол ақша, хаттар мен газеттерді жеткізеді. Әрі төлемдерді де қабылдайды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қаралған заң пошта, мемлекеттік сатып алу, көлік және байланыс заңнамасын жетілдіру мақсатымен әзірленген. Түзетулердің басым бөлігі пошта қызметінің сапасын арттыруға бағытталып отыр. Пошта бөлімшелерінің шалғай елді мекендерде жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған ережелер де қарастырылған. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында да арнайы тоқталды. Сонымен бірге дәрілік заттарды мұқтаж азаматтарға пошта арқылы жеткізуге мүмкіндік беріледі. Заңға жеке тұлғаларды мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру тетіктерін нақтылайтын түзетулер де енгізілді. Алдағы уақытта заң ұлттық пошта операторының қызметін және басқа да бірқатар саланы жетілдіруге өз үлесін қосады деп сенеміз.