Жол саласы мамандарының базасы жасалды
Елде көлік саласы мамандарының цифрлық базасы әзірленді. Жаңа платформаның артықшылығы неде?
Бұл платформаның маңызы зор болмақ. Мемлекет басшысы еңбек адамының беделін арттыру қажет екенін тағы да атап өтті. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында маңызды іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылмақ. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту ісі басталады. «Жауапты мекемелермен қоса жеке сектор бұл іске белсене араласуға тиіс», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бизнес бұл салаға көбірек келуі үшін техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі артады. Оның мөлшері де біркелкі болады. Бұған биыл бюджеттен қосымша 22 миллиард теңге бөлінеді. Бұл ретте әкімдерге зор жауапкершілік жүктеледі. Олар кәсіпкерлермен бірлесіп, аймаққа қажетті мамандықтар тізімін анықтауы керек. Сондай-ақ сұранысқа ие кадрлар даярлау үшін колледждерге бағыт-бағдар беруі қажет.
Бұл тұста жол саласы мамандарының да орны ерекше. «Жолшы» деп аталатын жаңа базада компаниялар, кадрлар мен студенттер туралы мәліметтер енгізіледі. Сол арқылы оларды жұмыспен қамту шаралары оңтайландырылады. Сонымен қатар бұрын-соңды жинақталмаған нақты статистикалар жасалады. Қазірдің өзінде жаңа платформаға 3 мыңдай адам тіркелген.
Гүлжамал Омарова, Қазақстан жол ғылыми зерттеу институты құзыреттілікті арттыру орталығының директоры:
- Үлкен статистикаларды алуға болады. Қазақстан бойынша бұл салада қанша инженер жұмыс жасайды, қанша мастер, қанша учаске бастығы дегендей. Инженер бізде бөлінеді ғой: жобалау инженері, жол құрылыс инженері, технадзор инженері. Соның бәрі көрсетіліп тұрады.
Ел бойынша көлік саласында 772 мың адам еңбек етіп жүр. Оның тең жартысы – автомобиль және теміржол көлігінің мамандары. Қалғаны жол құрылысы, логистика, азаматтық авиация және су көлігі салаларында жұмыс істейді. Көлік министрі биыл кәсіби стандарттар бекітілетінін атап өтті. Бұған қоса техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында дуалды оқыту әдісі жетілдіріледі.
Көлік саласында 772 мың адам жұмыс істейді:
100 мың - жол құрылысы
208 мың - автомобиль
242 мың - теміржол көлігі
161 мың - логистика
34 мың - азаматтық авиация
27 мың - су көлігі
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Биыл 15 кәсіби стандарт бекіту көзделген. Оқу орындарымен бірлесіп, жаңа мамандықтар үшін білім беру бағдарламалары әзірленеді. Колледждер арасында дуалды оқыту жүйесі кеңейтіледі. Профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерге арналған бейінді мамандардың қатысуымен көшпелі дәрістер өткізу жоспарланған.
Дүниежүзілік экономикалық форумның болжамынша, 2028 жылға қарай жұмысшылар дағдыларының 44%-і өзгеріске ұшырайды. Соның ішінде олардың рөлі жасанды интеллектімен толықтырылады. Инженерлік кадрларды даярлаудың ұлттық моделі жайлы баяндаған Ғылым және жоғары білім министрлігің өкілі елдегі оқу ордаларында жаңа пәндер енгізіліп жатқанын атап өтті.
Гүлжан Жарасова, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің комитет төрағасының орынбасары:
- Қазір инженерлерді даярлаудың барлық бағдарламаларына кәсіби қызметте жасанды интеллектті қолдануды оқытатын пәндер енгізіліп жатыр. Бұл жерде Мемлекет басшысының тапсырмасымен 3 ЖОО шетелдік серіктестерімен бірге жасанды интеллект саласында кадрларды дайындауды бастады.
Елдегі көлік саласын реформалар күтіп тұр ғой. Соның аясында ең ауқымды жобалар қандай болмақ?
Министрліктің мәліметінше, 2030 жылға дейін 5 мың шақырымға жуық автожол салынады. Оған 9 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Ал теміржол саласы бойынша биыл 225 жаңа вагон желіге қосылады. Сонымен қатар теңіз көлігін дамыту мақсатында Ақтау портында контейнерлік хаб салу жұмыстары басталды.