Өскеменде салынатын көпірдің жобалық құжаты әзірленіп жатыр

Өскеменде тағы бір көпір салынады.

Бұл Ертіс пен Үлбі өзендерінің үстінен өтетін жетінші өткел. Қазір қала үшін маңызды нысанның жобалық құжаты әзірленіп жатыр.

Мамандардың айтуынша, көпір пайдалануға берілген кезде қаладағы көлік кептелісі азаяды.  

Бұл Өскемендегі Ертіс көпіріне өтетін жердегі айналма жол. Бұл аумақта көлік кептелісі мен жол апаты жиі болады. Өйткені, өткел тар. Күніне бұл бағытпен 70 мың көлік қатынайды. «Сондықтан қалаға тағы бір көпір керек», - дейді сарапшылар. Оның үстіне облыс орталығында қазір 9 жаңа ықшам аудан салынып жатыр. 

Ардақ Райымбекова, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ оқытушысы:

- Соңғы жылдары қаладағы көліктер артып барады. Егер әрбір бесінші отбасыда екі көліктен болса, жол қозғалысының өзгергені анық. Сондықтан жаңа көпір салу керек.

Жолаушылар тасымалы мен автожолдар басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, қазір маңызды нысанның жобасы жасалып жатыр. Оған еліміздегі ең ұзын Бұқтырма су қоймасынан өтетін көпірді салған мамандар тартылды.

Нұржан Жұмаділов, Жолаушылар тасымалы және автожолдар басқармасының басшысы:

- Көлік кептелсіне байланысты осы 3-көпірді салу мәселесі туындады. Сондықтан жобалық-сметалық құжаттаманы жасауға қаржы бөлініп, бүгінгі күнде конкурстық рәсімдер өткізілді. Жақын арада ғана сол компаниямен келісім-шартқа отырдық. Жобалық-сметалық құжаттама жасауға кірісетін болады.

Дайындық жұмыстары бір жылға жоспарланып отыр. Ал көпірдің құрылысы 2026 жылы басталады.