Ақтауда спортшы қыздың өліміне себепші болған күдіктілер сотталды

Былтыр Ақтауда спортшы қызға зорлық көрсетіп, өзіне өзі қол жұмсауына итермелеген бес адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды 24kz.

Өңірлік соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы басты күдіктіні өмір бойы бас бостандығынан айырды. Тағы бірі 16 жылға, қалғандары 13 жылға сотталды. Сондай-ақ жәбірленушінің отбасына 30 млн теңге өтемақы төленеді.

Естеріңізге сала кетсек, 2024 жылдың мамыр айында күдіктілер 29 жастағы фитнес-жаттықтырушы Алина Серікованы көшеде ұрлап әкетіп, ұзақ уақыт қинаған. 2 млн теңге көлемінде несие рәсімдеуге мәжбүрлеп, ақшаны алған соң босатып жіберген. Кейін жәбірленуші 9-қабаттағы пәтердің терезесінен секіріп, көз жұмды. Бастапқыда бірінші сатыдағы сот айыпталушыларды ұзақ мерзімге түрмеге қамауға шешім шығарды. Алайда, марқұмның жақындары үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірді.

Нұрсапа Примашев, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы:

- Апелляциялық сот алқасы үкім етті: Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 19 желтоқсандағы Сейітқалиев Нұргелді Мұратұлына, Аманқос Еркебұлан Талғатұлына, Аралбай Мерей Асанұлына, Үсенғалиев Жалғас Қуанышұлына, Құлбас Дархан Төлегенұлына қатысты үкімнің күші жойылсын. Іс бойынша жаңа айыптау үкімі шығарылсын. Жазаларды толық қосу жолымен Сейітқалиевтің түпкілікті өтеуіне өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.

Бауыржан Жолжан, А.Серікованың інісі:

- Әділ шешімі шықты деген ойдамын өзім. Ең бастысы, осы жүрген жүрісіміз, жасаған істеріміздің барлығы ақталды деп ойлаймын. Мұның барлығымен апамызды алып келе алмаймыз. Барша қолдап келген тумаластарға, халыққа, барлығыңызға мың алғыс.