СҚО-да алдағы тасқын кезеңіне құтқару топтары құрылды

Солтүстік Қазақстан облысында алдағы тасқын кезеңіне құтқару топтары құрылды, деп хабарлайды 24kz.

Оның құрамына екі мыңға жуық маман кіреді. Төтенше жағдайлар қызметкерлері, полицейлер мен жергілікті билік өкілдері аудан-ауданға бөлініп, табиғи апаттың алдын алу жұмыстарына жұмылдырылады. Су тасқынына болжам қандай?

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Солтүстік Қазақстан облысында 19 гидрологиялық бекет құрылған. Мамандар әр он күн сайын осылай алқаптарға шығып, қардың қалыңдығы мен ылғал қорын өлшейді. Олардың айтуынша, көрсеткіштер көңіл көншітпейді.

Дәурен Қосшығұлов, «Қазгидромет» РМК СҚОФ бөлім басшысы:

- Соңғы өлшем бойынша қардың құрамындағы ылғал қоры 27 мен 96 миллиметр аралығында болды. Бұл көрсеткіш облыстың оңтүстік-батыс пен оңтүстік-шығыс аудандарында шамадан тыс. Жердің тоңы 80 сантиметрге дейін қатып қалған.

Болжам бойынша биыл Сергеев су қоймасы 2,8 млрд текше метр су қабылдауы мүмкін. Бұл қалыпты мөлшерден екі есе көп. Оның үстіне бөгет көктемнен бері толып тұр. Қазір төтенше жағдайлар қызметі су басуы мүмкін деген 116 елді мекенді қатаң бақылауға алды.

Әсет Шайкин, ТЖД басқарма бастығы:

- Қазір облыс бойынша 73 шақырым топырақ үйіндісі нығайтылды. 100-ден аса су өткізгіш құбыры салынды. 10 шақырым канал мен арық тереңдетілді. Сонымен қатар кіші өзендердің арнасы кеңейтілді.

Мамандардың айтуынша, көктемгі тасқынның болу қаупі Ғабит Мүсірепов, Айыртау, Есіл, Шал ақын және Қызылжар аудандары мен Петропавлда жоғары. Осыған байланысты өңірде 200-ден аса эвакуациялық пункт құрылған.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков