Қостанай облысының 8 ауданында су тасқыны қаупі бар

Ернеуіне дейін толып тұрғын өзен-көлдер көктемде арнасынан асып, тасуы мүмкін. «Қазгидромет» филиалының өкілі осындай болжам айтты, деп хабарлайды 24kz.

Топырақтың тоңы былтырғыға қарағанда 26 сантиметрге қалың. Яғни, ылғал жерге сіңбей, сай-салаға жайылуы әбден мүмкін. Әсіресе, Қарасу ауданында жағдай күрделі. Былтыр көктемде бұл аумақты 1 млрд текше метр су басқан еді. Қазылған жасанды каналмен осы күнге дейін соның 10%-і ғана өзенге ағызылған. Биыл Ресей жақтан да, мол су келуі ықтимал. Трансшекаралық су нысандарын пайдалану және қорғау туралы келісімге сәйкес, екі елдің мамандары тұрақты түрде гидрологиялық ақпаратпен алмасып отырады.

Алмат Абжанов, «Тобыл-Торғай бассейіндік инспекция» мекемесінің басшысы:

- Ресей Федерациясының ақпараты бойынша Челябі облысының аумағында Тобыл бассейінің көптеген өзендерінің сулылығы қалыптыдан жоғары. Күзгі ылғал қорының соңғы өлшемі Тобыл өзені бассейініндегі метрлік қабаттағы топырақ жақсы ылғалданғанын көрсетті. Топырақтың метрлік қабатындағы ылғал қоры 106-140 мм құрады.