Мемлекеттік қызметте цифрлық форматқа ден қойылып жатыр
Биыл «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң қабылдануы мүмкін. Қазір оның жобасын Мемлекеттік қызмет істері агенттігі дайындап жатыр.
Бұл туралы агенттік төрағасы өткен жылғы жұмыс қорытындысы бойынша алқа отырысында мәлімдеді. Дархан Жазықбаевтың айтуынша, қазір салада бірқатар оң өзгеріс бар.
Бүгінде сала жан-жақты дамып келеді. Саладағы бюрократиядан арылу мен жемқорлықты жою мақсатында цифрлық форматқа ден қойылып жатыр. Былтыр автоматтандырылған «e Qyzmet» жүйесі 68 мемлекеттік органда іске қосылды. Биыл ол тағы 26 мекемеге енгізілді.
Дархан Жазықбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
- Алдағы уақытта мемқызметтің гибридтік моделін жетілдіру және цифрландыру. Осыған көңіл бөліп отырмыз. Қазіргі таңда бізде 70-тен аса мемлекеттік органда толыққанды «e Qyzmet» жүйесінде сыртқы порталына көшті. Ол – мемлекеттік қызметке онлайн қабылдау. Осыған байланысты біз өзіміздің гибридтік моделді әрі қарай жалғастыра береміз.
Сала мамандарының да жай-күйі назарда. Былтыр тиісті өтемақы төлеу және икемді жұмыс уақытын белгілеу арқылы 3 мыңнан астам мемлекеттік қызметкердің құқығы қорғалған. Сондай-ақ мамандар Біріккен Араб Әмірліктеріне, Әзербайжан, Түркия және Еуропа елдеріне барып, тағылымдамадан өтті.
Бибігүл Ағыбаева, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы қоғамдық кеңес төрағасы:
- Жалпы мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін көтеру арқылы және жекеменшік сектордан ең білікті жастарды мамандарды тарту арқылы біз мемқызметкерлердің жалпы кәсіби тұрғыдан, моральдық тұрғыдан деңгейлерін көтеру арқылы сапалы қызмет көрсетуді мақсат қойылып отыр. Оны жасап жатыр деп есептеймін. Қазіргі таңда мемлекеттік аппаратты күшейту – ол Мемлекет басшысының ең негізгі мақсаттарының бірі ғой. Яғни, күшейту арқылы халықтың жағдайын өзгерту, экономиканы дамыту.
Қазір Агенттіктің алдында тағы бір маңызды міндет – «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасын даярлау тұр.
Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қоғам нені күтіп отырады? Бюрократия аз болсын, жемқорлық аз болсын, мемлекеттік аппараттың ашықтығы болсын деп. Қарым-қатынастар Президент талабында да айтылған ғой: мемлекеттің ашық жұмысы, мемлекеттік органдары халыққа түсінікті болып, бір-біріне көмектесіп жүру деген, мемлекеттік қызметтегі.
Жаңа заң – еңбек қатынастарын реттеуге және қоғам мен мемлекеттік қызметші арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталмақ. «Сондай-ақ ол саланы дамытуға септігін тигізеді», - дейді мамандар.
Авторлары: Альмира Оразбай, Абдулхамит Бөлекбаев