SWAT Challenge: «Сұңқар» арнайы жасағы жеңіске жетті
Елдің Ішкі істер министрлігіне қарасты «Сұңқар» арнайы жасағы Біріккен Араб Әмірліктерінде өтіп жатқан SWAT Challenge халықаралық жарысының алғашқы күні жеңіске жетті, деп хабарлайды 24kz.
Белгіленген межені ең үздік нәтижемен еңсерген қазақстандық сарбаздар жалпы командалық есепте көш бастады. Елден барған «Арыстан», «Сардар» және «Арлан» жасақтары да алғашқы ондыққа енді.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Дубай төрінде өтіп жатқан жауынгерлік жарыс қазақстандық командалар үшін сәтті басталды. «Сұңқардың» сайыпқыран сарбаздары ә дегеннен қоржынға алтын жүлде салды.
Ішкі істер министрлігінің арнайы бөлімшесі бірінші күн бағдарламасын 1 минут 34 секундта бағындырды. Осы уақытта түрлі кедергілерден өтіп, нысана көздеп, шартты түрде кепілге алынғандарды босатты. Ел ішіндегі міндеттерді де осындай жедел қимылмен орындап жүрген сайыпқырандарымыздың нәтижесіне тек қытайлық жасақ жақын. Екі ұжымның арасын аз ғана ұпай бөліп тұр.
Аңсаған Балтабеков, ҚР Ішкі істер мнистрінің орынбасары, Ұлттық ұланның бас қолбасшысы:
- Бұл – арнайы жасақтарға дайындықтарын көрсетуге үлкен мүмкіндік. Соңғы жылдары Мемлекет басшысының қолдауымен, Үкіметтің қолдауымен жақсы көңіл бөлінуде. Арнайы киім, қару-жарақпен жабдықталды. Сондай-ақ олар антитеррор операцияларын сәтті жүргізуге шыңдалуда.
Биыл әлем біріншілігіне алғаш рет қазақ қыздары қатысып отыр. Әр өңірден жасақталған арулар командаға «Тұмар» деген атау берген. Нәзік болмыстарына қарамастан, тарихтан белгілі есімге әбден лайық.
Айнагүл Байжігітова, «Томирис» командасының капитаны:
- Команда атауын өзіміз таңдадық. Осы арқылы қайтпас қайсар әрі жаужүрек мінезімізді көрсеткіміз келді. Тарихта қалатындай нәтиже тіркеуді көздеп отырмыз.
Әлемнің 80-нен аса елінен жиналған 106 команда алдын ала белгіленген тізім бойынша өнер көрсетіп жатыр. Қазақстан атынан 12 ұжым қатысуда. Бірі ұлттық қауіпсіздік, бірі мемлекеттік күзет, енді бірі жергілікті полиция департаменттерін бастап келен
Рауан Мыңбай, тілші:
- Бұл азаматтардың еңбегі орасан. Неге десеңіз, ел ішін теріс пиғылдылар жайлап, мемлекеттілік пен тұрақтылыққа қатер төнген жағдайда олар бірінші болып сап түзейді. Қауіппен бетпе-бет келіп, қатердің алдын алады. Әлемде мұндай қызмет өкілдерінің тиімділігі сыналып, әбден дәлелденген. «Жау жоқ деме жар астында», - демекші, біздің сайыпқырандар да кез келген жағдайға сақадай-сай, тас-түйін дайын. Оны осы әлем біріншілігінде дәлелдеп жатыр. Алда оларды 4 күндік жарыс күтіп тұр. Біздің жігіттер командалық сында бірінші орынға таласын жалғастырады.
Авторы: Рауан Мыңбай