Павлодар тұрғыны ноталарды Брайль қарпіне аударады

Жеңісгүл Садықова «Нүктелі До Ми Соль» жобасына үлес қосып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Айтуынша, мұндай ноталар зағип жандарға музыка әлемін танып–білуге мүмкіндік береді.

Жеңісгүл Садықова арнайы кітапхананың тұрақты оқырманы. Ұзақ жыл бойы тігін цехында еңбек еткен. Кітапханада Брайль қарпінде жазылған ноталар бар. «Бірақ оны оқытатын тифлопедагогтар жоқтың қасы», - дейді ол.

Жеңісгүл Садықова, қала тұрғыны:

- Бұл жоба керек жоба. Білім алу керек, нотаны жазуға. Ешкім жаза алмайды нотаны, балаларға бұл керек, жастарға керек. Музыкалық мектепке түссе, музыкалық училищеге түссе, оларға жеңіл болады. Өздері конспект жасайды, өздері нота жазады, өздері ойнайды. Тәуелді болмайды ешкімге.

Бір жарым жасында көз жанарынан айырылған Жеңісгүл апа алты жасынан бастап Алматыда оқыды. Музыкалық мектепті бітіріп, училищеге түскен. Кейін отбасы жағдайымен Павлодарға қоныс аударды. Өнерден қол үзген емес. Зағиптар қоғамы жанындағы «Сәулем-ай» ансамблінің белді мүшесі.

Кітапхана қызметкері Жәмилә  Жигомпар «Нүктелі До Ми Соль» жобасының пайда болуына қостанайлық әріптестерінің үлесі барын айтады. Олар балалайка тартатын оқырманына арнап Брайль қарпінде нота жазып беруді өтінген. Оны Жеңісгүл Садықовамен бірге бастаған. Қазір екеуі балаларға арналған әндердің нотасын Брайль қарпіне көшіріп жатыр. Қазр 20-ға жуық шығарма бедерлі қаріппен жарық көрді. Бір әнді өңдеуге шамамен бір ай кетеді.

Жәмила Жигомпар, облыстық арнайы кітапхананың қызметкері:

- Балаларға нотаны Брайль қарпімен үйретудің тиімділігі зор. Әдетте көзі нашар көретін адамдар өте сергек әрі сезімтал келеді. Олар жылдам қабылдайды. Нотаны білген бала музыкалық білім алғанда ешбір кедергіге тап болмайды.

Зағип және нашар көретін адамдарға арналған арнайы кітапхана қорында 70 мыңнан астам кітап бар. Жеті мыңға жуығы Брайль тілінде жарық көрген. Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, мұндай басылымдарға сұраныс жоғары. Оқырмандар мұнда тек уақытты тиімді өткізуге ғана емес, оқуға дайындалу үшін де келеді.

Жамал Кенжебекова, облыстық арнайы кітапхананың басшысы:

- Кеше бізге көзі мүлдем көрмейтін жас жігіт келді. Жоғары оқу орнына түсуге дайындалсам дейді. Біз Брайль бойынша материалдар жинап жатырмыз. Болашақта адвокат болғысы келеді. Осындай жігерлі жастарға жан-жақты қолдау көрсетеміз.

Ал 83 жастағы Жеңісгүл Садықова елде инклюзивті білімге көбірек көңіл бөлінгенін қалайды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков