SWAT Challenge-2025: «Сардар» командасы көш басына шықты. LIVE

Дубайда өтіп жатқан SWAT Challenge бәсекесінде Қазақстанның арнаулы мақсаттағы жасағы екінші жүлдесін еншілеуі мүмкін. Қазақ сарбаздары әбжіл әрекетімен көзге түсіп, шеберлігін паш етті, деп хабарлайды 24kz.

Рауан Мыңбай, тілші:

- Кеше сұңқарлардың асығы алшысынан түсіп, бас жүлдені еншіледі. Жеңімпаз команда ретінде 5 мың доллар қаржылай сыйлықты қанжығалады. Дәл қазір сіздердің назарларыңызға кешегі күннің бейнекадрларын ұсынып отырмыз. Бұл жерде 105 команда өнер көрсетті. Бұған дейін атап өткендей олар 80-нен астам мемлекеттен жиналған. Бүгін еліміз атынан сынға түсіп жатқан 5 команда алғашқы ондыққа енді. «Сардардың» А командасы көш басын бермей тұр. Қойылған тапсырманы олар бар болғаны 53 секундта орындады. Жарысқа қыздарымыз да қатысып жатыр. Аруларымыздың құрамасының аты «Томирис». Олар 91-ші болып өнер көрсетеді. Еске салайық, әлем біріншілігінің тікелей эфирі Dubai Police YouTube парақшасында көрсетіліп жатыр.

Балнұр Қиялбекова, «Томирис» командасының мүшесі:

- Қазақстанның туын желбіретіп, ару қыздарымыз бар екенін көрсетеміз. Барымызды саламыз.

Жарыс жалпы 5 күнге жалғасады. Әр күннің тапсырмасы әртүрлі. Мәселен, бүгін арнайы жасақ шартты түрде лаңкестер басып алған ғимаратқа шабуыл жасап, кепілге алынғандарды құтқарады. Осы операция бас-аяғы 1 минут аралығында орындалуы шарт. Біздің жігіттер осы көрсеткішті межелі уақытқа жеткізбей жылдам орындап озып жатыр.

Авторы: Рауан Мыңбаев