SWAT Challenge 2025: қазақ сардарлары топ жарды

Дубайда арнаулы мақсаттағы жасақтар арасында өтіп жатқан «SWAT Challenge» бәсекесінің бүгін үшінші кезеңі басталды.

Бұл сында ел құрамы бас жүлдеге таласын жалғастырады. Өткен екі күнде қоржынымыз қос алтын және күміспен толыққан еді.

Атап айтқанда, мемлекеттік күзет қызметіне қарасты «Сардар А» бөлімшесі мен Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар» жасағы жүзден жүйрік шығып, жеңімпаз атанды. Ал ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» құрамасы екінші орынды иеленді.

Әлем біріншілігі өтіп жатқан Дубайдың «Әл Руваях» алаңында қазақ жасақтарының жетістігі еселенді. Жолындағы бар кедергіні жойып, асқан дәлдік пен шеберлік танытқан «Сардар» құрамасы ерекше көзге түсті. Төрт қабатты ғимаратқа 15 секундта көтерілген мерген нысананы дәл көздеп, қаруластарының алға жылжуына жол ашты.

Жарыстың негізгі шарты бойынша сарбаздардың ату қабілетінен бөлек жылдамдығы ескеріледі. Белгіленген әрбір тапсырма тиянақты орындалуы шарт. Мұндай мамандық иелерінде әр қас қағым сәт маңызды. “Сардар” сол сында еш сүрінбеді. Белгіленген аралық 53,39 секундта еңсерілді. Басқа командалар бұл межеден аса алмады. Сөйтіп Мемлекеттік күзет қызметінің жасағы екінші кезең жеңімпазы деп танылды. Ал жалпы көрсеткіште екінші орынға көтерілді. «Арыстан» командасы бұл сында күмісті қанжығалап, үздік ондыққа енді.

«Арыстан» арнайы жасағының қызметкері:

- Осы жарыста Қазақстанның екі командасы бірінші және екінші орын алдық. Біздің команда екінші орын алдық. Бұл жарысқа ұзақ уақыт дайындалдық. Дайындалғанның жемісі деп ойлаймын. Алда әлі жарыстар бар. Соған дайындаламыз.

Биыл Біріккен араб әмірліктері суот челлендждің жалпы жүлде қорын 260 мың доллар шамасында бекітті. Соған сай, қатысушы мемлекет пен командалар саны айтарлықтай ұлғайып отыр. 80-нен аса елден ұзын-саны 105 команда тіркелген. Жарыс бес күнге жалғасады. Еске салайық, бұл жолы Қазақстан намысын арулар да қорғап жатыр. Ел өңірлерінен жиналған жасақ «Томирис» деген атауды иемденіп, ерлермен тең додаға түсті.

Балнұр Қиялбекова, "Томирис" арнайы жасағының қызметкері:

- Қазақстанда батыр ару қыздар бар екенін көрсеткіміз келеді. Алла бұйыртса қолымыздан келгенше барымызды салуға тырысамыз.

Рауан Мыңбай, тілші:

- Алғашқы екі күн қорытындысы бойынша «Сардар», «Сұңқар» және «Арыстан» командалары үшінші кезеңге нық қадам басты. Енді ереже бойынша арнайы жасақтарға қойылатын тапсырма күрделене түседі. Мәселен, бүгін олар су үстіндегі кедергілерден өтіп, мергендік танытып, санаулы оқ-дәрі қорымен нысаналарды дәл көздеуге міндетті.

Қазір әлем елдерінде арнайы бөлімшелердің жұмысына аса мән берілген. Олар көзге көрінбейтін, көпшілік біле бермейтін мән-жайларды аңғарып, кез келген қауіптің алдын алады. Дубай «Challenge»-і сол жүкті қайыспай көтеріп жүрген жауынгерлердің шыңдалуына сеп. Айта кетейік, әлемдік бәсекеге ел атынан 12 ұжым қатысуда. Соның жартысы жергілікті полиция департаменттерінен жасақталған. Командалардың керек-жарағын жеткізіп, дайындығын қамтамасыз етуге және жанкүйердің жүріс-тұрысын ұйымдастыруға әмірліктегі Қазақстан консулдығы атсалысқан.

Рауан Мыңбаев