Көктемде елорданы егеуқұйрық қаптауы мүмкін
Көктемде елордада егеуқұйрықтар қаптауы мүмкін.
Күн жылына салысымен шаһарда кеміргіштер көбейеді. Астананың санитарлы-эпедемиологиялық бақылау департаменті осылай дабыл қағып отыр. Қазірдің өзінде бірнеше ауданда қауіпті жәндіктің саны артыпты. Кеміргіштердің бас қаланы басып алуына не себеп? Тазалық шаралары тиісті деңгейде атқарылып жатыр ма? Әріптесім Кәмшат Мұхамеджан тұрғын үй кешендерін аралап, халықпен тілдесіп қайтты.
Кәмшат Мұхамеджан, тілші:
- Мынау бас қаланың әп-әдемі көркін тоқтаусыз тарап жатқан кеміргіштер құртып тұрғандай. Астананың қазір бес бірдей ауданында егеуқұйрықтар кездеседі. Қауіпті жәндік тіпті, көпқабатты тұрғын үй кешендері мен ашық алаңдарды емін-еркін тұрақтаған.
- Мен мына жерден өтіп бара жатқанымда трактор көтеріп жатты. Бір уақытта астынан крыса дәу қара түрін көрдім мен. Ақ қардың үстінде қара болып екі-үшеуі жүгіріп шығып қайда кетерлерін білмей алақтады. Шошып кеттім өзім ананы көрі.
Айымгүл апаның дегбірін қашырған осы алаң. Ашық жатқан аумақ қоқыс қалдығына әбден толып қалыпты. "Егеуқұйрықтардың өріп жүруі де содан" деп ашынады алпысты алқымдаған қарт ана. Күнделікті үй маңында емін-еркін жүруге қорқып қалыпты. 109 қызметіне хабарласып көмек сұрағанымен нәтиже болмаған көрінеді.
Айымгүл Айжарыққызы, қала тұрғыны:
- Содан бері мінеки көрдіңіздер ғой. Кімде не бар бәрін осында әкеліп тастайды. Мусорды көбейтіп жатыр күннен күнге.
Болпан Шаяхметова, қала тұрғыны:
- Мына гипермаркеттің біздің үйдін жанына мусор тастайды. Тұрмыстық қалдықтар бәрі. Осыдан егеуқұйрықтар міне. Жаңа үй вообще білмейм енді. Бір шешім шығару керек. Қорқамыз әрине, балаларымыз жүреді. Мына үйдің жанында крыса деген масқара ғой. Қазір қыс, жаздың күні не болады.
Кәмшат Мұхамеджан, тілші:
- Қоқыс төгілетін аумақ пен үйдің арасы 10 адымға жетер жетпес. Күн суық, қыс көзі қырауға қарамастан кеміргіштер бұл маңға емін-еркін тұрақтаған. Тұрғындар енді күн жылығанда, алдағы жазда жағдай қалай болады деп алаңдаулы.
Елордалық Калина Лихацскаяның кеміргіштерді залалсыздандырумен айналысқанына біраз болыпты. Қаладағы дәл қазіргі жағдай тым күрделі деп отыр. Өзі қызмет ететін компанияға аптасына 100-ден аса шақырту түседі. Хабарламаның өскені маман тапшылығын тудырыпты. Егеуқұйрықтарды залалсыздандыру шаруасы да оңай болмай тұрған көрінеді. 1 жәндікті жайрату үшін кемінде 4-5 қақпан құрылады.
Калина Лихацская, компания маманы:
- Қазіргі көріп жатқан егеуқұйрықтар өте үлкен. Салмағы да, көлемі де адам шошырлық. Шамамен 40 см дейін баратын шығар. Сол себепті қақпандарды көбірек қоямыз. Үлкен ғимарат болса 600 данасын қоюға тура келеді. Астананың қазір сол жағалауында көп. Жаңа үйлерден көбіне шағым түседі.
Елордалықтардың егеуқұйрықтарға шағымы өткен жылы да көп болыпты. Қалалық жедел әрекет ету орталығына 400-ден астам адам хабарласып арызын айтқан. Есіл, Нұра, Сарыарқа, Алматы, Байқоңыр аудандары зиянды жәндіктің зарбадын көп тартқан көрінеді. "Бірақ биылғы жағдай былтырғыдан күрделі" , - дейді санитариялық-эпедемиологиялық бақылау департаментінің мамандары. Болжам бойынша, алдағы көктемде кеміргіштер саны тым көбейеді екен. Оған себеп - былтырғы су тасқыны.
Есіл - 22
Нұра - 29
Сарыарқа - 19
Алматы - 12
Байқоңыр – 4
Айбарша Дүйсенбайқызы - қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы: Бізде көбіне Есіл мен Нұра ауданында шағым көп түседі. Нұра ауданында үлкен және кіші Талдыкөл өтеді. Есіл ауданында өзен жағалауы өтеді. Жаңа айттым ғой кеміргіштер ылғалды жақсы көреді. Дератизациялық жұмыстарды ең нәтижелі қамту үшін қысқа/бір мерзімде өңдеудің жиілігін қайталау керек. Сол кезде ғана біз тышқан, егеуқұйрықтардан құтыла аламыз.
Кеміргіштен келетін кесел аз емес. Маман бірнеше қауіпті аурудың түрін атады. Бұл қатарда құтырма, оба, лептоспироз бар. Үй алаңында үйілген қоқыс, қараусыз қоймалар мен жертөлелер егеуқұйрықтардың таралуына қолайлы жағдай жасайтын орын екен. Осыны ескерсек, ендігі сақтық өзімізден.
Кәмшат Мұхамеджан, Абдулхамит Бөлекбаев, Асхат Қарақойшиев