Балқаш қаласында мүгедектігі бар 150 адам жұмыспен қамтылды
Қарағанды облысының Балқаш қаласында былтыр мүгедектігі бар 150 адам жұмыспен қамтылды.
Көбі арнайы курста оқып, қазір түрлі кәсіпорындарда еңбек етіп жүр. Мысалы, көру және есту қабілеті нашар 8 адам қаладағы оқу-өндірістік кәсіпорнына жұмысқа орналасты.
Наталья Миронюктың Балқаш оқу өндірістік кәсіпорнындағы цехта жұмыс істеп жүргеніне 40 жылдай болған. Сөйлеу және есту қабілеті туғанынан нашар. Ол жергілікті өндіріс орындарындағы диірмен бөшкелерін тазалауға қажетті металл шөткелерді тоқиды. Бір күнде кемі 70 шөтке жасайды. Қол еңбегін көп қажет ететін қиын жұмысты ұршықша иіреді. Жақында оның жанына мүгедектігі бар жандар көмекші болып жұмысқа тұрған.
Наталья Миронюк, цех жұмысшысы:
- Мен мұнда 18 жасымда келдім. Жұмыс ауыр, бірақ төселіп алдым. Есту, сөйлеу қабілетім нашар болғандықтан ешқайда жұмысқа алмаған еді. Тек осында ғана қабылдады. Содан бері бұл жер екінші үйімдей маған ыстық. Негізгі жұмыс жүгі менің иығымда. Дегенмен көмекшілерім келгелі қолым ұзарды.
Мұнда тігін цехы да бар. Ұжымдағы 15 адамның 8-і мүгедектігі бар жандар. Кәсіпорын басшылығы денсаулығына байланысты ешқайда жұмысқа тұра алмАй жүрген жандарға үнемі қолдау көрсетеді.
Дархан Құматов, Балқаш қалалық оқу-өндірістік кәсіпорнының директоры:
- Қоғамдық жұмыс орны деген ол Үкімет тарапынан бір жылға договор жасалады.Біз жұмыспен қамтамассыз етеміз әр түрлі бағытта. Ол кісілердің айлығын Үкімет белгілеген сома бар, категориясына байланысты мысалы. Мысалы жұмыссыздар келеді, олардың жалақысы басқа, мүгедектігі барлар 1,2,3-топтағы олардың суммасы әртүрлі.
Былтыр Балқаш қаласында 2000 адам мансап орталығы арқылы жұмысқа орналасты. 0ның ішінде 150-і мүгедектігі бар жандар. Олар қаладағы түрлі кәсіпорында еңбек етіп жүр. Басым дені жұмысшы мамандығын таңдаған.
Азамат Саданов, Балқаш қалалық мансап орталығының директоры:
- Екі мүгедектігі бар адам грант алып 400 АЕК көлемінде өз істерін жалғастыруда. «Күміс жас» жобасы аясында мүгедектігі бар 15 адам жұмысқа орналастырылды. Енді ағымдағы жылы осы жұмыссыз жүрген адамдарды жұмысшы мамандықтары бйоынша оқыту жоспарлануда. Жастарды әсіресе тартып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Балқашта жастарды жұмысшы мамандықтарға оқыту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Себебі жергілікті кәсіпорындарда слесарь, сантехник, токарь, машинист және көлік жүргізушісі сынды қарапайым мамандардың жетіспейді.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар