«Кітап ТІМЕ» оқырмандар клубы жүздеген жеткіншектің басын қосты
Ақтөбе облысының Байғанин ауданында құрылған «Кітап ТІМЕ» оқырмандар клубы жүздеген жеткіншектің басын қосты.
Кітап оқуды дәріптеп жүрген Рита Халыққызы ауыл балаларының көркем әдебиетке құштарлығын байқап, әдеби бірлестік құрған. Бүгінде бірлестік сол өңірдегі 6 оқу ордасы мен бірнеше мемлекеттік мекемеде жұмыс істеп тұр. Кітапті айнымас серігі еткен жеткіншектер жылына жүзден астамын оқып шығады.
Байғанин аудандық мектеп-гимназия оқушысы Манас Аманғос қолы қалт етсе кітап оқуды әдетке айналдырған. Сабақ арасындағы үзіліс кезінде де телефонға үңілгендер арасынан емес, кітапханадан көруге болады. Оқушы аудандағы дебат клубының мүшесі: «Сайыста сөз қисынын тауып айтып, шешендікті шыңдау үшін көркем әдебиеттен қол үзбеу керек», - дейді.
Манас Аманғос, Қ. Мұхамбетқалиұлы атындағы орта мектеп гимназияның оқушысы:
- Біздің ішіміз қуыс қой. Сол қуысымызды ішіміздегі соны руханиятпен толтыру керектігін түсіндім де содан кейін өзге кітаптарға құлшынысым артты. Біз түсінгеннен қарағанда түсіндірсек екі есе біздің есімізе қалады. Сол үшін мен оқыған кітаптарымды, өзімнің түйген философияларымды үнемі өзімнің құрдастарыма, достарыма және өзімнен кішілерге үнемі айтып отырамын.
Көркем әдебиетті тұрақты түрде оқу әдісін «Кітап Тайм» клубында үйренген. Аудандағы барлық білім ордаларынан ашылған оқырмандар бірлестігінің басты ережесі – кітапті күнде оқу. Бастапқыда он парақты еңсеру міндет болса, кейін ол әдетке айналады. Мектеп ұстаздары кітапты серік еткен оқушылардың ой-өрісінің тез дамығанын байқаған.
Гүлнұр Төлекбаева, Қ. Мұхамбетқалиұлы атындағы орта мектеп гимназияның педагог-психологы:
- Бала ашылады, жан-жақты дамиды. Танымдық процесстері дамиды. Психологиялық тұрғыда осы "Кітап-тайм" жобасының балаларын алып қарайтын болсақ осы кезге дейін қоғамға деген көзқарасы өзгеріп, айналасына көмектесуге дайын тұрады. Осы мектептің қоғамдық шараларына белсене қатысады. Мінез-құлқы жақсы жаққа өзгереді.
Әдетте бала күнінен көркем әдебиетті жастана оқыған жанның өзі есейе келе күйбің тірлік пен табыс табудың қамы деп кітаптан қол үзеді. Әлемнің бар ақпараты қалтадағы алақандай телефонан табылған заманда тіпті қалыпты жағдай болып барады. Мұны ескерген оқырмандар клубының жетекшісі Рита Халыққызы ересектерді де «Кітап Таймның» қатарына шақырған. Қазір аудандық әкімдіктің 30-ға жуық қызметкері «Кітап Таймның» белді мүшесі.
Элеонора Қаратаева, Байғанин ауданы әкімі аппаратының бас маманы:
- Осы уақытқа дейін қаншама кітап оқып келдік біздер қазір есіме түсіріп отырсам кейбір фрагменттері есімде қалған жоқ. "Кітап тайм" жобасы барысында талқылаған кітаптар, біздер бірнеше кітапты оқып талқыладық, оларды бірнеше адам болып оқып талқылап, әркімнің қалай қабылдады соны талқылаған кезде ол көбірек есіңде қалады және оны басқа да адамның көзқарасымен де түсінесің.
Оқырмандар клубында бастауыш сынып оқушылары халық әдебиетінің жауһары – ертегілермен танысса, жасөспірімдерге қазақ әдебиетінің классиктері Бердібек Соқпақпаев, Сайын Мұратбеков, Бауыржан Момышұлы шығармаларын оқуға кеңес береді. Балалар көркем әдебиетті оқып-талқылап қана қоймай, зияткерлік сайыста күш сынайды. Жеңімпаздарға ең бағалы сый – кітап тарту етіледі.
Рита Халыққызы, Байғанин ауданының тұрғыны:
- Бастапқыда мен мына "Кітаптаймның" оқырмандарын, мүшелерін ынталандыру үшін оқушыларға өзімнің балам мен өзімнің жеке кітапханамды таратып бердім сыйлыққа. Бұл менің қолымдағы бастапқыда қолымнан келетін дүние болды. Ауданға танымал бола бастағаннан кейін біздің жобамыз демеушілер пайда болды.
Кітап оқуды дәріптеп жүрген Рита Халыққызын қазір өзге де өңірлер тәжірибе алмасуға шақырып отыр. Көршілес Темір және Мұғалжар ауданындағы мектептерде оқырмандар арасында сайыс өткізуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов