Депутат: «Құрылыс саласына 10 жылдық кепілдік» принципін енгізуіміз қажет

Былтыр елде 19 млн шаршы метр тұрғын үй, 397 денсаулық сақтау, 298 білім беру нысаны, 40 студенттік жатақхана, 12 мың шақырымнан астам автомобиль жолдары салынды.

Бірақ бұл жобалардың кепілдік мерзімі депутаттарды алаңдатып отыр. Руслан Берденов аймақтар белгілейтін кепілдік мерзімдеріне қатысты бүгін Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады. Айтуынша, былтыр салынған нысандарда кепілдік мерзімдері 2-3 жылдан аспайды. Тек кейбір өңірлер бұл мерзімді 5-10 жылға ұлғайтқан. Бұл айырмашылық мердігердің бөлінген қаражатты талан-таражға салып, сапасыз жұмыс, арзан құрылыс материалдарын қолдануына себеп болып отыр, дейді депутат. Осыған орай Руслан Берденов "он жылдық кепілдік"  принципін енгізуді ұсынды.

Руслан Берденов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бірінші: бюджеттен бөлінген әрбір теңге, оны бөлуден бастап, толық игеруге дейінгі барлық кезеңдерде бақылауға мүмкіндік беретін «боялған ақша» механизмін енгізу. Бұл сыбайлас жемқорлық мүмкіндігін жойып, бюджет қаражатын ұтымды пайдаланып сапалы нысандардың қалыптасуына ықпал етеді. Екінші: Әр санаттағы нысандарды салуға, жөндеуге, қайта жаңартуға бөлінген бюджет қаражатын тиімді қолдану мақсатында және мердігерлерге деген сенімді арттырып жауапты бизнес қалыптастыру үшін аймақтар белгілейтін кепілдік мерзімдерін үйреншікті 2-5 жылдан келесі мерзімдерге бекітуді ұсынамын.