Петропавлдағы жылу электр орталығында жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр

Биыл елдегі коммуналдық инфрақұрылымды жөндеу және жаңғырту жұмыстарына 430 миллиард теңге бөлінеді.

Бұл қаржы «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы мен өскен тарифтер есебінен алынады. Қазір Президент пәрменімен Үкімет жаңа тариф саясатын жүзеге асыруды жалғастырып жатыр.

Петропавлдағы жылу электр орталығы жарты ғасырдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын мұндағы мұржалардың бірі опырылып түскен. Тергеу нәтижесінде орталықтың әбден тозығы жеткені анықталды. Салдарынан осындай апат болған. Негізі бүкіл облыстың жылумен қамтылуы – осы жалғыз нысанға байланысты. Қазір орталықта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен жылу көзін толықтай жаңартуға кемінде 10 жыл қажет. Былтыр тарифтердің өсуі мен инвестордың қаражаты есебінен жаңғырту жұмыстарына 12 миллиард теңге бөлінген. Ал биыл қаржыландыру көлемі артады.

Дмитрий Захаров, 2-жылу электр орталығының директоры:

- Тариф неден құрылады? Алдымен жанар-жағармайды алайық. Былтыр оның бағасы 1 тоннаға шаққанда 3900 теңге болды. Биыл құны 4300-ге көтерілді. Ал оның маңызы бар. Себебі жанар-жағармайды электр энергиясын өндіру үшін тұтынамыз. Екіншіден, саладағы қызметкерлерлердің жалақысын да ойлау керек. Олар тәулік бойы жұмыс істейді.

Өңірлердегі жылу электр станцияларында апаттардың болғаны жасырын емес. Ол елдегі коммуналдық сектордың осал тұстарын көрсетіп берді. Салаға бөлінген қаржының мөлшері де көңіл көншітпеді. Одан қалды, жылу мен электр қуатының да тарифтері өскен жоқ. Сәйкесінше аталған бағыт сала инвесторлардың қызығушылығын тудырмады, -дейді сарапшылар. 

Арман Бейсембаев, экономист:

- Салаға аз қаржы бөлуге болмайды. Қазір ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет. Сондықтан жылу мен электр қуатының тарифтерін өсіру – дұрыс шешім. Себебі инвесторлар тиімсіз тарифтерге қаржы бөлгісі келмейді. Соны ұғынып алуымыз қажет. Ал инвесторлар неғұрлым көп болса, соғұрлым сала дамып, жылу орталықтарының тозу деңгейі төмендейді. 

Осыдан 2 жыл бұрын «тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы іске қосылды. Оның аясында былтыр салаға 330 миллиард теңге инвестиция тартылды. Алайда енді бұдан да жоғары межені еңсеру қажет. Сондықтан коммуналдық қызметтердің тарифі өседі. Соның есебінен жылу, электр және сумен қамтудың сапасын жақсарту көзделген. Бірақ алаңдауға себеп жоқ. Себебі тарифтер «ақылға әрі қалтаға қонымды» болады, дейді мамандар. 

Жанарыс Мұсаханұлы, ҚР Энергетика министрлігі электр энергетикасын дамыту департаментінің бас сарапшысы:

- Ағымдағы және күрделі жөндеуге салынған қаражат 2024 жылмен салыстырғанда 13 пайызға ұлғайтылып, 428 млрд теңгені құрайды. 2024 жылы 10 энергоблок, 55 қазандық және 45 турбинаға күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ ағымдағы жылы электростанциялар 401 млрд теңге сомасына 10 энергоблокты, 63 қазандықты және 39 турбинаны күрделі жөндеуді жоспарланды.

Бүгінде елдегі коммуналдық инфрақұрылымдардың тозығы 60 пайыздан асады. Оларды жаңарту мақсатында былтыр 5 жылға арналған Ұлттық жоба бекітілді. Оның дұрыс іске асуы үшін 13 триллион теңге қажет. Жобаға 200-ден астам компания қатыса алады.

Тимур Қосымбаев, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары:

- Ұлттық жоба аясында 57 қалада 200-ден астам табиғи монополия субъектілері қамтылады. Әр кәсіпорын үшін қаржыландырудың жеке моделі қаралады. Яғни нарықтық және бюджеттік-заемдық қаржыландыру қарастырылады. Негізі жобаның маңызды тұсы – жеке инвестицияларды тарту мен инфрақұрылымды жаңғыртуға жеке компаниялардың қатысуын ынталандыратын тетіктерді әзірлеу. Осы арқылы бюджетке ақшалай жүктемені азайтуға болады.

Альмира Оразбай, тілші:

- Жалпы Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба, Жылу электр орталықтарындағы апаттардың санын 20 пайызға және инженерлік инфрақұрылымдардың тозығын 40 пайызға төмендетуге септігін тигізеді.

Альмира Оразбай, Абдулхамит Булекбаев