Жетісулық отбасының мүшелері бір ұжымда еңбек етеді
Өз мамандығыңды шексіз сүю керек.
Сонда ғана сол саланың қиындығын еңсеріп, қызығын көресің. Жетісу облысындағы Үштөбе станциясында жұмыс істейтін Светлана Әбішеваның өмірлік ұстанымы осы. Кәсіби маманның темір жол саласында қызмет еткеніне 43 жыл болды. Бүгінде ол қажырлы еңбегі ақталып, «Түрксіб теміржолының 100 жылдығы» секілді бірнеше төсбелгімен марапатталған.
Үштөбе станциясының кезекшісі Светлана Әбішева күніне жиырмадан аса пойызды қабылдайды. Олардың біразын бірден өткізіп жіберсе, енді бірсыпырасын тоқтатып, қосымша жолға қойғызады. Вагондары ауыстырылып, қайта тіркелген соң белгіленген бағытына қарай жөнелтеді. Осылайша ол теміржол бекетінің жұмысын жүйелейді.
Светлана Әбішева, Үштөбе станциясының кезекшісі:
- Әкем 44 жыл темір жол саласында жұмыс жасаған. Соның жалғасы болып осы темір жол саласына келдім. Шын жаныммен ұнатып келген мамандығым. Жақсы көремін. Өйткені үйде әке-шешеммен 18-ақ жыл өмір сүрсем, қалған уақытым осы темір жолда. Сондықтан темір жол маған ыстық.
Гүлнәр Байболатова, Үштөбе станциясындағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамассыз ету бөлімінің бас маманы:
- Светлана әпкеміз темір жол саласында өте мықты маман болып саналады. Өте бауырмал, коллективте өте сыйлы. Әрқайсысына ақыл-кеңесін айта отыратын кісілердің бірі.
Өмірдің мәнін еңбектен тапқан Светлана апай баласын жауакершілігі зор мамандыққа баулыды. Қазір анасы мен ұлы бір жерде жұмыс істейді. Олар күндізгі және түнгі ауысымға кезектесе түсіп, пойыздардың кестеге сай жүруін қадағалайды.
Нұрлан Биболов, Үштөбе станциясының кезекшісі:
- Жақын тұрғаннан кейін жүгіріп келетінмін. Таблоның артында жүгіріп жүріп, сол кезде өзімнің арманым болған. Өскенде «мама сіз сияқты дежурный по станций болам»,- деп. Міне сол арманға жеттік. Дежурный по станция болып жұмыс істеп жүрміз.
Әулеттің отағасы вагон тіркеп, пойыз құрайды. Салаға сіңірген ұзақ жылғы еңбегіне қарай ол «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен марапатталған.
Мұрат Биболов, «Құрметті теміржолшы» төсбелгісінің иегері:
- Менің өзім 89 жылдан бері істеп келе жатырмын. Отыз жылдан асып кетті. Әйелім 40 жылдан асып кетті істегеніне. Балама жиырма жылдан асты. Қызым да істеген. Соның бәрі өзі жүзге барып қалды.
Саналы ғұмырын шойын жолға арнаған Светлана апай келесі жылы, ал Мұрат аға биыл зейнеткерлікке шығады. Олар немерелеріміз теміржолшы болып, ұрпақ сабақтастығын жалғай ма деген үмітте.
Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосын