«Бірге кітап оқиық»: жас отбасы кітап оқу мәдениетін насихаттап жүр

Әлеуметтік желіде «Бірге кітап оқиық» жобасы басталды.

Мақсат – отандық және шетелдік шығармаларды елге насихаттау. Оны танымал блогер-журналист Санат Ілияс пен Жаңабике Қабылда жүргізеді.

Назерке Тоқжан, тілші:

- «Біз алдымен жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз». Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп, үндеу тастаған болатын. Алайда қазір кітап емес, гаджет билеген заман. Қайтпек керек?!

Жастар кітап оқымайды деп жиі айтамыз. Бірақ біздің кейіпкеріміз бұл қасаң ойдан арылу керек деп есептейді. Санат Ілияс – кәсіби журналист. Танымдық бағыттағы «Жалғыз жолаушы» YouTube арнасының авторы. Ол жуырда әлеуметтік желіде «Бірге кітап оқиы» атты жаңа жоба қолға алды.

Санат Ілияс, жоба авторы:

- Қоғамда пісіп жетілген идеяны біз ала салдық деп айтқым келеді. Одан бөлек, Президентіміздің кітапты көп оқитынын білеміз. Сондықтан жаппай кітап оқитын қоғам құруға біз де өз үлесімізді қосқымыз келді.

Ниетіне қарай нәтижесі демекші, игі істен ел азаматтары қалыс қалған жоқ. Президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәли жобаның шымылдығын түрді. Ол алдымен Әзілхан Нұршайықовтың жұрт жақсы білетін «Махаббат қызық мол жылдар» шығармасынан үзінді келтірді. Жастарға сәттілік тілеп, кітап таңдау кезегін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жолдады.

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі ҚР Президентінің баспасөз хатшысы:

- «Артық білім кітапта, ерінбей оқып білуге», деп Абай атамыз айтқандай, кітап оқуға үндеу бұл енді Мемлекет басшысының айтып жүрген бастамасын қолдауға арналған арнайы жоба болғандықтан мен де бұл бастамаларыңды құптаймын, қолдаймын. Барлық еліміздің азаматтарын, тұрғындарын кітап оқуға шақырамын.

Санат Ілияс, жоба авторы:

- Біз әр 10 күнде 1 кітапты аламыз. Ол кітапты өткенде Президент кеңесшісі бастап берді. Бірге кітап оқиық аманатын. Ол кісі Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясын» таңдады. Қазіргі 10 күн біз Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясын»10 күн талқыласақ, келесі кітап белгілі болса, сол кітапты ары қарай талқылаймыз оқырмандармен бірге. Жылдың соңына дейін кемі 30 кітап оқып тастаймыз көрерменмен бірге.

Әлеуметтік жобаға желі қолданушыларының ықыласы ерекше. Кітапсүйер қауым шығарманы жүргізушімен бірге қызыға талдап, ой-пікірін бөлісіп жатыр. «Бұл үрдіс желігі тез басылатын жеңіл дүние емес, салмақты һәм өміршең болса», - дейді жас отбасы. Әрі кітап оқу әдеті әр шаңырақта ізгі дәстүрге айналуына үлес қосуды қалайды.

Жаңабике Қабылда, жоба авторы:

- Отбасылық дәстүрге айналса екен деп отырмыз. Себебі ең бірінші ата-аналар оқыса, кейін балалар да мұны әбден әдет қылып, бойларына сіңіріп алады деп ойлаймыз.  

Назерке Тоқжан, тілші:

- Қайтпек керек?! Сөз басындағы сауалымыздың жауабы, міне, осы. Әр адам кітап оқуды өзінен бастауы керек. Мен оқысам, сіз оқысаңыз, сонда тұтас ұлт кітап оқымай ма?!

Авторлары: Назерке Тоқжан, Ырыстанбек Оспанов