Бір жыл ішінде Қазақстанға 650 мыңнан қытайлық турист келген

Бір жыл ішінде елімізге 650 мыңнан астам қытайлық турист келген, деп хабарлайды 24kz.

Естеріңізде болса, екі жыл бұрын Мемлекет басшысының Қытай еліне ресми сапары кезінде 2024 жылды «Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай былтыр көршілес елде 30-дан астам ауқымды іс-шара өткізіліп, туристік компанияларымен 200-ден астам келісім жасалды. Төл мәдениетімізді аспан асты еліне таныту мақсатында Қазақстанның шығармашылық ұжымдары Шаньдун және Хэбэй провинцияларында мазмұнды концерттік бағдарламасын ұсынды.

Сондай-ақ жергілікті халық Ұлттық музейдің көне жәдігерлеріне де куә болды. Бір жыл ішінде атқарылған ауқымды жұмыс нәтижесінде елімізге қызығушылық танытқан Қытай туристерінің саны 78%-ке артты.

Нұртас Кәріпбаев, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы:

- Алматы қаласы қытайлық туристер үшін Қазақстандағы ең танымал дестинация болды. Қытайдың Шанхай, Гонконг, Сиань және Бейжің секілді ірі қалаларында туризм күндерін өткізіп, оған 400-ден астам қатысушы жиналды. Астана қаласы Бейжің қаласындағы Road Show аясында іскерлік және медициналық туризм үшін жаңа бағыт ретінде таныстырылды. Сондай-ақ Қазақстанды туристік бағыт ретінде тиімді ілгерілету үшін Астана, Бейжің, Алматы, Үрімші және Гонконг қалаларында 300-ден астам екіжақты кездесулер өткізілді.