Шетел асқан мыңдаған ливандық отанына орала бастады

Ливанда 14 айға созылған Израиль мен «Хезболла» арасындағы қақтығыс ақыры тоқтады. Шетел асқан ливандықтар отанына орала бастады. 

Ливандағы Израиль мен ХАМАС-тың арасындағы бейбіт бітімге қарапайым тұрғындармен бірге денсаулық сақтау саласының өкілдері бірінші болып қуанды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бірнеше медицина нысанын іске қосуға ниетті екенін жеткізді. Өйткені жергілікті халыққа ем-дом ауадай қажет.

Әбунасыр Әбубакар, Ливандағы ДДСҰ өкілі:

- Кейбір медицина нысандарын өте тез арада іске қосуға болады. Мысалы, Бейрутта 2, одан тыс жерде тағы 2 аурухана алдағы 4 аптаның ішінде жұмыс істеуге дайын. Тек жағдай қайта ушығып, қақтығыс жалғасып кетпесе болды. Бірнеше айда мецицина қызметін толық қалпына келтіре аламыз. Сыртқа кеткен 1 миллионға жуық адам Ливанның оңтүстік және шығыс бөлігіне оралуы мүмкін. Көбінің үйі жермен-жексен болған.

Қақтығыстан қашқандардың көбі көршілес Сирияға кеткен болатын. Бейбіт бітім туралы хабар тараған соң олар буынып-түйініп шекараға келді. Олар үйіне оралып, бейбіт өмір сүруден үмітті. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша қақтығыс кезінде Ливаннан Сирияға шамамен 600 мың адам өткен.

Хасан Әли Мұса, ливандық босқын:

- Біз көшіп-қонуға әбден үйреніп алғанбыз. 1982, 1996, 2006 жылдары да осындай қақтығыс болып, жат жерге кетіп, бәрі тынышталған соң осылай қайтып келгенбіз.

Файруз, ливандық босқын:

- Туған елімді, туған үйімді сағындым. Енді қайтадан бомбаласа да, жерімді тастап кетпеуге бел буып бара жатырмын. Анда-мында қаңғып жүруден қажыдық.

Жалпы Ливаннан кейінгі 14 айда 2 миллионға жуық тұрғын шетел асқан. Естеріңізге сала кетейік, 27 қарашада Израиль әскері мен «Хезболла» ұйымы арасындағы бейбіт бітім күшіне енді. Америкалықтармен ұсынылған құжатқа сәйкес еврей елі 60 күн ішінде Ливаннан өз әскерін әкету керек. Ал «Хезболла» мүшелері екі ел шекарасынан кетуге міндетті.

Авторы: Ернат Рахметолла.