Технокомпаниялар ядролық энергетикаға көптеп инвестиция салуға кірісті — CNN

АҚШ-тың электр желілеріне қысым көп. Бұған жасанды интеллектінің дамуы себеп. Сондықтан технологиялық компаниялар ядролық энергетикаға инвестиция салып, өз реакторларын құруды жаппай қолға алды. Бұл іс қалай жүріп жатыр?

Жасанды интеллектінің жағымсыз қыры, тоқты көп жұмсайды. Осының кесірінен АҚШ-тың кейбір аймақтарында электр энергия тапшылығы сезіле бастады. CNN телеарнасының хабарлауынша, Деректерді есептеу орталықтары елдегі барлық электр қуатының шамамен 4%-ін тұтынады. Бұл көрсеткіш 2020 жылдан 2 есе өсті. Ал 2100 жылға қарай 9%-ке жетуі мүмкін.

Филип Одонкор, Стивенс технологиялық институтының қызметкері:

- ChatGPT бізден адам ретінде сөйлесе алуы үшін оның соған үйрету керек болды. Бірақ бұған көп энергия жұмсалды. Деректерді өңдеудің жаңа орталықтары аталған жүйелерді үйрету және жетілдіру үшін орасан зор электр қуатын шығындайды. Жасанды интеллект сіздің жауабыңызды күні бойы күткеннің өзіне көп тоқ кетеді. Бұдан бөлек, біз экологиялық таза көліктерді қуаттауға, ас әзірлеуге және үйді жылытуға энергия пайдаланамыз.

Техноалпауыттар шағын модульді атом электр станцияларын жасауға көптеп инветиция құя бастады. Мәселен, «Майкрософт» Три-Майл-Айлендтегі 1979 жылы апатқа ұшырап, жабылып қалған реакторды қайта ашу туралы келісімшартқа қол қойды. Блок 2028 жылы іске қосылмақ.

Филип Одонкор, Стивенс технологиялық институтының қызметкері:

- Күн үнемі жарқырап тұрмайды. Жел де әрқашан соқпайды. Сондықтан баламалы энергия көздерінің Деректер орталықтарының қажетін толық өтеуге қауқары жетпейді. Таза атом тәулік бойы үзілмейді. Қоршаған ортаға да зияны аз. Сондықтан технологиялық алпауыт компаниялар шағын өз атом электр станциясын сала бастады.

Атом жобаларын дамытуға АҚШ билігі де мүдделі. АҚШ президенті Джо Байден былтыр шілдеде жаңа ядролық реакторларды салуға рұқсат беру ісін жеңілдету, жеделдету және арзандатуға бағытталған заң жобасына қол қойды. Құжатты Конгрестің 2 палатасы да мақұлдаған. Ал Ғаламдық климат жиынында АҚШ ядролық энергетика қуатын 2050 жылға қарай 3 есе арттыру міндетін мойнына алған 20-дан астам елдің қатарына қосылды.

Авторлары: Ернат Рахметолла, Тамерлан Ким.