Ұйқыдан ерте тұрудың пайдасынан зияны көп — ғалымдар

Әлемде әр 300 адамның ішінде біреуі ерте оянады. Ал «ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық» екенін әркім біледі, әрине.

Иә, ерте тұрған жақсы. Пайдасын жұрт біз айтпай-ақ біледі. Ісің өнеді, жұмысың ерте бітеді. Дегенмен спортшылар ерте тұрып жүгіреді, жұрт жаздыгүні бақшасын ерте суарады, тіпті балықшылар да таң атпай балық аулауға шығады. Соған қарағанда мұның пайдасы зор тәрізді. Бірақ бұған ғылым не дейді? Шынымен пайдасы бар ма? Ал онсызда күні бойы тыным таппай, шаршап-шалдығып жүретін жұмысбасты жұрттың  жағдайы қалай болмақ? 

Ерте тұрғанның пайдасы бар ма?

Шынында, ел ішінде елден ерте оянып, тірлігін жұрттан бұрын тындырып жүретіндер көп. Бірақ тым ерте тұрудың ағзаға зиян екенін біле ме жұрт? Күн шыққанға дейін ояну сүт безі мен қуықасты безінің қатерлі ісігін 4%-ке, лейкемияны шамамен 12%, жатырдың қатерлі ісігін 10%-ке арттырады. Бұл америкалық ғалымдардың зерттеуі. Жапон ғалымдары да таңмен таласа тұратындардың жүрек-қан тамырлары ауруына бейім болатынын көрсетті. Нақты дәлелге көз жеткізу үшін 23 пен 90 жас аралығындағы 3 мың адамға зерттеу жүргізген. Сөйтіп, жұрт тым ерте оянудың жүрекке айтарлықтай салмақ түсіретінін дәлелдеген.

Британ ғалымдары да: «Таң атпай тұрудың пайдасынан зияны көп», – дейді. Бозторғай сияқты шырылдап ерте оянып алатындардың иммунитеті төмен болады. Есте сақтау қабілеті мен ментальды денсаулығына зиян келеді. Сондай-ақ таңсәріде тұрғандардың ұйқысы қанбай, көңіл күйі үнемі түсіңкі жүреді. Ақпаратты қабылдап, қорытуға әл-дәрмені жетпейді. Ерте оянудың тағы бір бұрыс тұсы, адамды семіздікке шалдықтыруы мүмкін.

Анита Раджа, терапевт дәрігер:

- Адамдардың 45%-інде ұйқының дұрыс болмауы себепті еңбек өнімділігі төмендеп, жыл сайын екі жұмыс аптасын бей-берекет өткізеді. Мидың шаршауы әл-дәрмені құрыған бұлшық ет сияқты, ештеңеге қарсы төтеп бере алмайды. Негізі сапалы ұйқы 8 сағатты қамтуға тиіс.

 

Жетістікке жету үшін ерте тұру міндет пе?

Жетістікке жетудің құпиясы – ерте тұру. Бұл әлемде бар тәжірибе. Өйткені танымал саясаткер, атақты жұлдыздардың біразы таңалагеуімнен оянып, тірлігіне кіріседі. Бірақ бұл әдетке айналса, денсаулыққа кәдімгідей зиян. Өйткені ерте тұру ұйқыны бұзады. Ұйқы бұзылса, тұтас ағзаның қызметі бұзылады. BBC агенттігінде жарияланған ғалымдардың кейінгі зерттеуі осыны айғақтап отыр.

Гейл Кинман, Бедфордшир университетінің профессоры:

- Егер ерте тұрсаңыз, жұмысыңызды ерте аяқтап, уақытынан бұрын ұйқыға кету керек. Өйтпеген жағдайда өзіңіз зардап шегесіз. Ұйқысыздыққа шалдыққан болсаңыз, мұны емдеткен жөн.

 

Таңғы 6-да ояну белсенділікті арттырады

Ал австралиялық ғалымдар таңғы 6-да тұру керісінше пайдалы деген тұжырымға келді. Sleep Medicine басылымы осылай деп жазады. Олар нақты тұжырымға көз жеткізу үшін таңертең үнемі ерте оянатын 22 адамға тәжірибе жүргізген. Нәтижесінде бұлардың физикалық және интеллектуалды белсенділігі артып, жұмысы өнімді бола түскен.

 

Әлемдегі сергек халық колумбиялықтар

Әлемде ең сергек әрі еңбекқор халық – колумбиялықтар. Бұл елдің тұрғындары жер шары бойынша тым ерте оянады. Мұнда сағаттың оятқышы 4-тен бастап шырылдап, жұрт 6-дан бастап жұмысқа кіріседі. Жергілікті халықтың көбі дәл осы уақытта ғибадатханаға құлшылық етуге асығады. Тіпті таңғы 6-да кей университеттер есігін айқара ашады. Біраз мекемелерде жұмыс ерте басталады.

Фарид Нума, колумбиялық жазушы:

- Біз тұратын тропикалық аймақта таң 6-да атады. Сағат 11-ден бастап табадай күн тас төбемізде шыжып тұрады. Бұл ыстық бесін ауғанша жалғасады. Сол себепті жергілікті жұрт ерте оянып, тірлігін күн ысымай бітіріп алғанды жөн көреді.

 

Ерте тұратын елдер

Бозторғайша шырылдап, ерте оянып алатын жер шары тұрғындарының тізімінде Костарикалықтар да бар. Бұл елдегі бұқара сағат 7 болмай оянады. Мұнан кейін Индонезия, Мексика, Жапония, Жаңа Зеландия тұрғындары таңғы 6 мен 7-нің арасында тұрады. Кәрі құрлық халқы 8-ге дейін оянса, Кувейт, Сауд Арабиясы сағат 9 болмай жұмысқа кіріседі.

Ерте ме, кеш пе қалай оянсақ та, тәулігіне 8 сағат ұйықтау маңызды. Мұны айтып отырған біз емес – ғалымдар. Ал бұл режим бұзылса, ағзамыздың моторы қызметін бәсеңдетуі мүмкін. Сондықтан сіздерге де айтарым, таңғы 4-5-тен тұрып жұмысқа келсеңіздер де, ерте жатып, 8 сағат ұйықтауға тырысыңыздар.