Жер бетіндегі 300 млн адам түстерді ажырата алмайды

Әлемде 100 миллионнан астам түс бар. Адам соның тек 10 миллионын ғана ажыратады екен.

Солай болғанмен, ол түстерді басқаша көретіндер де бар. Тіпті жер бетіндегі 8 млрд адамның 300 млн-ы түстерді ажырата алмайды екен. Бұл қалай?

Мектеп кезінде физикадан барлығымыз білеміз, түстер палитрасында негізгі 3 түс бар. Қызыл, көк, сары. Бұл еш қоспасыз, табиғи таза түстер. Миллиондаған түс осы үш түстен тарайды. Енді осы түстерге қатысты ғылыми зерттеулер өте көп.

 

Сәби дүниені қызыл түсте көреді

Адам кез келген жаңа дүниенің 78%-ін көру, 13%-ін есту, қалғанын сипау, иіскеу, дәмін татып көру арқылы біледі. Ал мида көрген ақпаратымыздың 40%-і, естігенініміздің 20%-і сақталады. Бұл ретте түстер маңызды рөлге ие. Өйткені бізді қоршаған орта алуан түрлі түстерден тұрады. Ал адамның көру қабілеті 2 апталық сәби кезінен қалыптасады. Сөйтіп, нәрестелер көретін алғашқы түс қызыл болмақ. Оның да қызыл, қызғылт, қызғылтым, тізе берсек 50 мыңнан астам түрі бар. Бір қызығы, оны ерлерге қарағанда әйелдер оңай ажырата алады. Қызыл түсті қабылдауға жауапты ген Х хромосомасында орналасқан. Яғни, ол әйел ағзасында екеу, ер адамда біреу. Қыздардың қызыл түске құштарлығы содан. Жалпы қызыл түс психологияда ашудың, қауіптің және махаббаттың символы.

Кендра Черри, психолог:

- Түс психологиясында қызыл түс ең күшті эмоцияларды тудырады. Жасыл және көк сияқты суық түстер әдетте бейбітшілік пен тыныштықтың түсі саналады. Ал қызыл ыза мен сүйіспеншілік, құмарлық пен жек көру сынды бір-біріне қарама-қарсы ұғымдармен байланысты.

 

Дальтонизм кемтарлық па, артықшылық па?

100 миллионнан астам түс барын айттық. Ал, дүниені тек ақ-қара қалыпта қабылдайтындар бар. Осындай 300 миллионнан астам адамға дальтонизм диагнозы қойылған. Бұл кең таралған генетикалық ауытқу. Әзірге дерттен толыққанды айыққан адам жоқ. Тек жүре пайда болған түрін дәрігерлер емдей алады. Дальтониктерге транспорт, медицина, ғылым секілді көптеген салада жұмыс істеуіне шектеу қойылған. Қоғамға бейімделуге тырысқан олар бағдаршамның ең жоғарғы сигналы жанғанда жүрмеу керек екенін жақсы біледі. Десе де, денсаулығындағы кінәратты кәсібінің символына айналдарғындар бар. Соның бірі – Марк Цукерберг. Facebook логотипінің түсі көк болуының себебі дизайнерлік шешім емес, дальтонизм дертінің әсерінен. Танымал кәсіпкер қызыл, жасыл түстерді ажырата алмайды. Ол үшін көк – ең қанық түстердің бірі.

Марк Цукерберг, Facebook әлеуметтік желісінің негізін қалаушы:

- Көк-мен үшін ең қанық әрі ең бай түс. Мен оның көптеген реңктерін ажырата аламын. 

 

Қызыл түсті ажырата алмайтын жануарлар бар

Түс танымау адамдарда ғана емес, жануарларда кездеседі. Мәселен, коридорда бұқа қызыл түстің артынан неге сонша қуалайды? Иә, бұқа түс танымайтын жануар. Бірақ ол қызыл түске емес, торероның мулетаны айналдырғандағы қозғалысына ашуланады. Ал, қызыл түсті матадордың денесінде жарақат пайда болған жағдайда қанның түсін білдірмес үшін пайдаланады. Қызыл түсті ажыра алмайтын жануардың бірі – жылқы. Ол басқа жануарларға қарағанда айналасын түрлі түсті реңкте көреді. Бірақ қызыл мен көк түсті айыра алмайды. Бір қызығы, жылқы 360 градуста көреді. Яғни, жылқы бір бағытқа қарап тұрғанда тек алдын ғана емес, арт жағын да толық көре алады. Сондай-ақ жылқының көзі түн ішінде де өте жақсы көреді.

 

Мысықтар түнде жақсы көреді

Ал, мысықтардың көзінде адамдарға қарағанда 6-8 есе көп таяқшалар бар. Сондықтан олар түнде өткір көреді. Сондай-ақ бұл жыртқыштар күшті перифериялық көру қабілетіне ие. Ғалымдар мысықтар көргенде қандай түстер басым болатынын нақты айта алмайды. Кейбір зерттеушілер бұл көгілдір және сұр реңктердің көбірек екенін айтса, басқалары әлемді көк, сары және ашық жасыл түстермен көретінін айтады.