Араб Әмірліктерінде салықтың жасырын түрі көп

Біріккен Араб Әмірліктерінде салықтың жасырын түрі көп.

Белгілі бір қызмет немесе тауар құнына қатысты қолданылады. Алайда жергілікті және шетелдік бизнес құрылымдар кіріс салығынан босатылған.

Корпоративтік табыстың тек 9 пайызы бюджетке түсуі шарт. Қосымша құн салығы 5 пайыз шамасында. Әмірліктегі ахуалды осы елдегі меншікті тілшіміз Рауан Мыңбайдан білейік.

Рауан Мыңбай, тілші:

- Әмірлік дегенде ең алдымен бизнеске жеңілдетілген жағдай мен төмендетілген салық режимі еске түседі. Қағаз жүзінде барлығы оңай және қолайлы. Ал тәжірибеде төлемнің түр-түрі кездесуі мүмкін. Мәселен, бұл елге кәсібін дөңгелетуге келген кез келген шетелдік Дубайда автокөлік тізгіндесе біраз қаржысынан қағылады.

YOUTUBE/SALIK

Қала ішінде орнатылған «Saliq» ақылы жолдар жүйесі үкіметке жылына 2 млрд дирхам пайда әкеліп отыр. Қомақты қаражат темір тұлпар иелерінен жиналады. Ақы әр көліктің әйнегіне жапсырылған белгі арқылы автоматты түрде алынады. Есепшотта ақша жеткілікті болмаса, жүргізуші жауапкершілік арқалайды.

Саладағы мамандар салықтың жаңа түрін жасырын деп есептейді. Оның үстіне, Араб мемлекеті туристік тұрғыда тартымды. Былтыр бір ғана Дубайға 19 миллионға жуық саяхатшы аялдаған. Оның әрбірі туристік алым төлеп қана қоймай, ақылы жолдармен жүрсе бюджеттің бір бүйірі бүтін деген сөз.

Динара Әбдіқайырова салық, аудит және бухгалтерлік жоспарлау саласындағы кеңесші:

- Кез келген мемлекеттің салық саласы әртүрлі. Жайлы да, жайсыз да тұстары бар. Мысалы, Әмірлікте 2023 жылы енгізілген корпоративтік салық түрін айтуға болады. Аталған төлемді қаржылық айналым бар немесе жоқ болса да компаниялар жасауы шарт. Қосымша құн салығына келсек, ол айналымы 375 мың дирхам, теңгеге шақсақ 50 млннан асатын мекемелерге міндет ретінде белгіленген.

Ал табыс салығы елде мүлдем жоқ. 5 процентті құрайтын қосымша құн салығының көлемі аз болғанымен, бизнесті бастауға рұқсат немесе лицензция алу қызметі қалтаға біраз салмақ түсіреді.

Динара Әбдіқайырова, салық, аудит және бухгалтерлік жоспарлау саласындағы кеңесші:

- Біздің елмен салыстырғанда мұнда қандай да бір компания ашу, рұқсат қағаздарын алу кезінде жергілікті заң нормаларын жақсы жеткілікті білу шарт. Арнайы экономикалық аймақтарда да солай. Жасырын салық түрлерімен жиі кездесесіз. Мәселен, бір ғана лицензия құны 10 мыңнан 30 мың дирхам аралығын қамтиды. Жұмысқа орналасу және ол жерден шығу кезінде де төлем жасайтын кездер болады.

Дегенмен, Біріккен Араб Әмірліктері әлемде инвест климаты ең қолайлы мемлекет деп танылған. Кедергілер аз әрі халықаралық саудамен айналысуға мүмкіндік мол. Сарапшылардың айтуынша, кәсіп иелері Дубайда іс бастамас бұрын нарықты әбден зерттеп алғаны жөн. Себебі салық режимі әр мемлекетке кейде әр түрлі қолданылуы мүмкін.

Рауан Мыңбай